Мұнай бағасы құлдырады: Brent 79 доллардан төмен түсті
АҚШ пен Иран арасындағы Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыруға мүмкіндік беретін ықтимал келісім туралы хабарлардан кейін мұнайдың әлемдік бағасы күрт төмендеді. Brent маркалы мұнай баррелінің құны шілде айының ортасынан бері алғаш рет 79 доллардан төмен түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Brent пен WTI бағасы күрт арзандады
Астана уақытымен сағат 08:20-дағы жағдай бойынша Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қазан айындағы фьючерстері 6,5 пайызға төмендеп, барреліне 78,25 долларды құрады.
Америкалық WTI мұнайының қыркүйектегі фьючерстері 7,28 пайызға арзандап, барреліне 74,49 долларға дейін түсті.
Ормуз бұғазы төңірегінде не болып жатыр?
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон мен Тегеран сейсенбі немесе сәрсенбі күні Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін келісімге келуі мүмкін екенін мәлімдеді.
АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал уағдаластық Тегеранның ядролық бағдарламасына да қатысты болуы мүмкін. БАҚ мәліметінше, Вашингтон Иранның ядролық отынын сұйылтып, оны жою немесе бейбіт мақсатта пайдалану үшін АҚШ-қа немесе басқа елге өткізуді талап етіп жатыр. Сонымен қатар келіссөздер күзге дейін немесе одан да ұзаққа созылуы ықтимал екені айтылды.
Бұл ретте Иран тарапы АҚШ-пен тікелей келіссөздер жүргізіліп жатқанын жоққа шығарып, кемелердің қауіпсіз өтуі бойынша Оманмен кеңесіп жатқандарын мәлімдеді.
Бұл Қазақстан үшін неге маңызды?
Бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасы бюджет кірісіне, Ұлттық қордың жағдайы және теңге бағамына әсер ететінін айтқан. Мұнай нарығындағы тұрақсыздық экономика үшін тәуекелдерді күшейтеді. Бағаның күрт құбылуы инфляцияға, инвестициялық белсенділікке және қаржы нарықтарына әсер етеді. Мұнай кірістеріне тәуелділік елді сыртқы соққылар алдында осал етеді.
Бұл ретте 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте базалық параметрлер бекітілген: мұнай бағасы барреліне 60 доллар деңгейінде және доллар бағамы 540 теңге. Экспорттық кірістер, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік шығыстар дәл осы бағдарлар негізінде есептеледі.