Су тартылып, жылан қаптады: Құлсары тұрғындары жаңа мәселеге шағымданды
Атырау облысы Құлсары қаласындағы "Атырау" ықшамауданының үш көпқабатты үйінің тұрғындары өткен жылғы су тасқынынан кейін пайда болған жаңа мәселеге шағымданды. Олардың айтуынша, ылғалды жертөлелерде жыландар пайда бола бастаған, деп хабарлайды Tengrinews.kz "Ақ Жайық" сайтына сілтеме жасап.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған үйлер 2023 жылдың желтоқсанында көпбалалы отбасыларға берілген болатын. 2024 жылдың көктемінде-ақ бұл баспаналар ауқымды су тасқыны аймағында қалды. Екі айға жуық уақыт бойы тұрғындар пәтерлеріне кіре алмай, қайықпен қатынауға мәжбүр болды. Су тартылғаннан кейін жертөлелер тазартылды, алайда тұрғындардың айтуынша, ылғалдылық әлі де жойылмаған.
"Жертөлені тағы да су басып кетті. Алдымен көгерген иіс шығып, кейін тышқандар қаптап кетті. Енді жыландар пайда болды, күн сайын қорқынышпен өмір сүріп жатырмыз. Балалар үшін уайымдаймыз. Егер біреуді жылан шағып алса, оған кім жауап береді?", - дейді үй тұрғыны Гүлназ Қашабаева.
Тұрғындардың сөзінше, олар жыландардың бірін суретке түсіріп алған. Олар жертөледе басқа да бауырымен жорғалаушылар болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Үйлер жалдамалы тұрғын үй мәртебесіне ие және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгерімінде болғандықтан, тұрғындар жыландардың пайда болу себебін коммуналдық қызметтер жоюы тиіс деп санайды.
Аудандық ТҮКШ бөлімі басқа ұстанымда. Ведомство басшысы Арман Абдолов тұрғындардың өтінішінен кейін оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары барып, табылған жыланды жойғанын хабарлады.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жертөлелер тұрғындардың ортақ мүлкіне жатады, сондықтан оларды күтіп ұстау мен тазалау - меншік иелері мен жалға алушылардың міндеті. Осы себепті жертөлені ТҮКШ бөлімінің күшімен тазарту жоспарланбаған.
Әзірге тұрғындар мен шенеуніктер бұл мәселені кім шешуі керектігіне қатысты ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Халық жертөледегі толассыз ылғал салдарынан жаңадан жыландар пайда болуы мүмкін деп қауіптенеді.