Саин көшесінде 60 км/сағ: Алматы полициясы басқа көшелерде не өзгеретінін айтты
Алматы полициясы Саин көшесінің үлгісімен қаланың басқа көшелерінде жылдамдықты шектеу жоспарда бар-жоғын және мұндай шешім неге байланысты болатынын айтты, деп хабарлайды Tengri Auto.
"Саиндағы пилоттық жоба"
Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, Саин көшесінде сағатына 60 шақырымға дейін жылдамдықты шектеу пилоттық режимде енгізілген. Ол бұл шараны жекелеген учаскеде сынақтан өткізу көзделгенін түсіндірді.
Әзірбек Саин көшесінің Төле би көшесінен Рысқұлов даңғылына дейінгі бөлігі жылдамдықты шектеу үшін кездейсоқ таңдалмағанын айтты.
"Біз мұны апат ең көп болатын учаскелерді ескере отырып жасап жатырмыз. Талдау жүргізілді, сондықтан апат пен жол-көлік оқиғалары санын азайту үшін осындай әдісті қолданып жатырмыз", - деп түсіндірді Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ ол әзірге қаланың басқа көшелерінде осындай жылдамдық шектеуін енгізу жоспарланбағанын айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда Саин көшесінің бір бөлігінде жол қозғалысын ұйымдастыру тәртібі өзгерген болатын. Мұнда жаңа жол белгілері пайда болып, жылдамдық сағатына 60 шақырымға дейін шектелді.
Айта кетейік, сағатына 60 шақырымға дейінгі жылдамдық шектеуі тек Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі оңтүстік бағыттағы бөлігінде енгізілді. Магистральдың қалған бөлігінде жылдамдық режимі өзгеріссіз қалды.
Алматының көлік басқармасы өзгерістер енгізу қажеттілігі Саин көшесі Мөңке би көшесіне дейін ұзартылып, бұл учаскеде көлік ағыны айтарлықтай артқаннан кейін туындағанын түсіндірді.
Сонымен қатар бұған дейін жарияланған мәлімет бойынша, Domillion сауда үйі маңында жолға кіру мен шығудың көптігінен, сондай-ақ көліктердің жиі жолақ ауыстыруынан қауіпті жағдай туындаған. Осыған байланысты қолданыстағы жолақтарды тарылтып, қосымша төртінші жолақ ұйымдастырылды. Алматының мобильділік басқармасы бұл жүргізушілерге қауіпсіз жолақ ауыстыруға мүмкіндік беретінін және апатты жағдайлар қаупін азайтатынын атап өтті.