Астаналықтарға электрсамокаттарға қатысты жаңа тыйымдар ескертілді
Енді қайда және қалай жүру керек?
2026 жылғы 25 тамыздан бастап электрсамокат пайдаланушылары веложолдар мен веложолақтар арқылы жүруге міндетті. Ал олар болмаған жағдайда - жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен (Жол жүрісі қағидаларында көзделген жағдайларда).
Бұл ретте жолдың жүру бөлігіне шығу үшін қатаң талаптар сақталады:
Жасы: 18-ден жоғары.
Құжаттары: кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы.
Жабдығы: тағылған қорғаныс шлемі және тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтер.
"Астана прокуратурасының қызметкерлері электрсамокат пайдаланушылар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтар қатарында жүргізуші куәлігінсіз жүріс бөлігіне шығу, жылдамдықты асыру, сондай-ақ қиылыстардан өту талаптарын сақтамау бар екенін атап өтті. Бір самокатпен жолаушы тасымалдау да ерекше қауіп төндіреді", – делінген елордалық полиция хабарламасында.
Кикшеринг бақылауды қалай күшейтіп жатыр?
Сонымен қатар жалға беру операторлары бақылауды күшейтті. 1 шілдеден бастап сервиске тек ЖСН арқылы тіркелуге болады. 18 жасқа толмағандарға жол жабық. Ал самокаттарды кәмелетке толмағандарға беретін ата-аналардың аккаунттары ешқандай ескертусіз бұғатталады.
Жолаушы тасымалдағаны үшін де бұғатталуы мүмкін. Электрсамокатта бір адамнан артық болмауы тиіс.
Самокатты тротуардың ортасында, жаяу жүргіншілер өткелінде, жолдың жүру бөлігінде немесе веложолда қалдырып кетуге тыйым салынады – бұл үшін айыппұл салынып, профиль бұғатталады.
Жаңа тыйым туралы ІІМ көктемде айтқан болатын. Сол кезде электрсамокаттар тіркеліп, мемлекеттік нөмір берілетіні хабарланған еді.