Астанада LRT “крест“ схемасымен салынады: Үкімет елорданың Бас жоспарын жаңартты
Астананың бас жоспары жаңартылды. Үкімет жаңа нұсқа мен тиісті қаулыны бекітті. LRT қалай салынады, 10 жылдан кейін Астанада қанша адам тұрады, тұрғын үй нарығында қандай өзгерістер болады және бір адамға қанша шаршы метрден келеді – Tengrinews.kz материалында.
LRT құрылысы қалай жалғасады?
Мамандарда Астанада LRT салудың 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтитын 10 нұсқасы болды. Ең тиімді нұсқа желілердің ұзындығына, жолаушылар ағынының көлеміне және адамдардың жолға жұмсайтын уақытына қарай таңдалды.
Нәтижесінде "крест" схемасына басымдық берілген. Желілер қаланың түйінді нүктелерін қамтып, өзара қиылысуы үшін олар жолаушылар ағыны ең көп негізгі бағыттар бойынша тартылады деп жоспарланып отыр.
"Tarlan Astana желілеріндегі жылжымалы құрамның сыйымдылығы 650 жолаушыға есептелген. 2035 жылға қарай Tarlan Astana жүйесі бойынша 3 бағытты ұйымдастыру мүмкіндігі бар, оларға қызмет көрсету үшін 16 бірлік жылжымалы құрам жеткілікті", – делінген құжатта.
Анықтама: Бас жоспар - бұл қаланың алдағы 10–20 жылда қалай дамитынын айқындайтын негізгі құжат. Онда жаңа тұрғын үй массивтері, жолдар, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, саябақтар мен қоғамдық көлік желілері қай жерде пайда болатыны алдын ала қарастырылады. Сонымен қатар, Бас жоспар қаланың функционалдық аймақтарға бөлінуін белгілейді: қай жерде көпқабатты үйлер салуға рұқсат етіледі, қай жерде жеке сектор сақталады, ал қай жерде өнеркәсіп орындары орналасады. Құжатта қалаға тұрғын үй, мектеп, балабақша, аурухана, жол және басқа да қажетті инфрақұрылым жеткілікті болуы үшін халық санының болжамды өсімі де ескерілген.
Жолдар шамамен 2 есеге ұзарады
2035 жылға қарай Астананың көше-жол желісінде үлкен өзгерістер болады деп күтіледі. Құжатқа сәйкес,
магистральдық көшелердің ұзындығы қазіргі 528 шақырымнан 1,7 есеге артып, 923,5 шақырымға жетеді,
2035 жылға қарай магистральдардың тығыздығы 2,6 км/км²-ге дейін, ал жалпы жол желісі 5,7 км/км²-ге дейін артады.
Қолданыстағы 23 жолайрыққа ұзақ мерзімді перспективада тағы 69 жаңа нысан қосылады:
2030 жылға дейін 8 жолайрық салынады,
2030 жылдан 2035 жылға дейін тағы 22 жолайрық бой көтереді.
Астанада қанша адам тұрады?
Құжатқа сәйкес, қазіргі уақытта Астананың әкімшілік шекарасында 1,5 миллионға жуық адам тұрады. Елорда халқы 2030 жылға қарай шамамен 1,97 миллион адамға, ал 2035 жылға қарай 2,28 миллионға жетеді деп болжанған.
Бұл ретте Бас жоспарда Астананың жас әрі қарқынды дамып келе жатқан қала мәртебесін сақтап қалатыны атап өтілген. 2035 жылға қарай елорда тұрғындарының қатарында еңбекке қабілетті жастағы адамдардың үлесі шамамен 60 пайызды құрайды деп болжанады.
Қоғамдық көліктің жағдайы не болмақ?
Бас жоспарға сәйкес, халық санының өсуіне байланысты 2035 жылға қарай қоғамдық көлікпен қатынайтындар саны екі есеге жуық артады. Көлік жүйесі ұлғайған жүктемені көтере алуы үшін бірқатар шара қарастырылған.
Мәселен, 2035 жылға қарай қоғамдық көлік тәулігіне 1,5 миллионға дейін жолаушы тасымалдауы тиіс. Автобустар мен вагондардың жалпы сыйымдылығын 180 мың орынға дейін арттыру, ал салондардың толу деңгейін нормативтік мәндер шегінде, төрт балдан асырмай (яғни көлікке шектен тыс күш түсірмей) ұстап тұру жоспарланған.
Астанада қалалық электр пойыздары іске қосылады?
Бас жоспар теміржолды қала ішіндегі және қала маңындағы сапарлар үшін пайдалануды ұсынады. Мәселен, теміржолды қалалық көлік жүйесіне интеграциялау (жерүсті метросының аналогын жасау) жоспарланып отыр.
4 жаңа станция жоспарланған:
№ 1: Қарағанды бағытындағы шыға берісте ("Қарағанды" хабының құрамында).
№ 2: Мұстафин көшесімен қиылыста.
№ 3: Пушкин көшесімен қиылыста.
№ 4: Бөгенбай батыр даңғылымен қиылыста.
Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай қала ішіндегі электр пойыздары тәулігіне 16,3 мың жолаушыға дейін тасымалдай алады. Ол үшін әрқайсысының сыйымдылығы 500 адамға дейін болатын бес шақты пойызды іске қосу көзделген.
Көліктің бұл түріне сұранысты арттыру үшін теміржол станцияларына дейін ыңғайлы автобус бағыттарын ұйымдастыру, пойыздардың қолайлы қозғалыс интервалдарын қамтамасыз ету, сондай-ақ станциялардан екі шақырым радиуста тұрғын үй және коммерциялық құрылысты дамыту жоспарланып отыр.
Көліктік-ауысып отыру тораптары (ТПУ): негізгі мәліметтер
Құжатқа сәйкес, Астанада жолаушылар көліктің әртүрлі түрлеріне ыңғайлы ауысып міне алатын көліктік-ауысып отыру тораптарын (ТПУ) дамыту жоспарланған.
Қалада барлығы осындай тоғыз хаб құру қарастырылған. Олар тұрғындарға жеке көліктерін қалдыруға немесе қала маңындағы көліктен қалалық қоғамдық көлікке - LRT, трамвай, автобус және қалалық электр пойыздарына ауысып мінуге мүмкіндік береді.
Көлік-ауысып міну тораптарын (КАТ) "Астана" және "Нұрлы жол" теміржол вокзалдарында, әуежайда, сондай-ақ қалаға Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Қорғалжын бағыттарынан және оңтүстік жақтан кіреберістерде орналастыру жоспарланып отыр.
Әрбір көлік-ауысып міну торабының құрамына көліктің әртүрлі түрлеріне арналған станциялар, автокөлікті қалдырып, қоғамдық көлікке ауысуға болатын тосқауыл тұрақтары, сондай-ақ велотұрақтар мен электрмобильдерге арналған зарядтау станциялары кіреді деп күтіледі.
Бұдан бөлек, жоба аясында екі автовокзал қарастырылған, оның бірі - қазіргі "Астана" автовокзалы, сондай-ақ қала маңындағы бағыттарға қызмет көрсететін төрт автостанция бар.
Құжатта көлік-ауысып міну тораптарының негізін Tarlan Astana жүйрік көлік желілері, теміржол және трамвай құрайтыны атап өтілген. Олар жолаушылар үшін ауысып мінуді барынша ыңғайлы ету мақсатында қалаға кіретін негізгі жолдармен қиылысатын жерлерде орналасады.
Тұрғын үй, бұзу және әлеуметтік нысандар: Бас жоспар бойынша Астана қалай өзгереді?
Елорданың бас жоспары тек халық санының өсуін ғана емес, сонымен қатар адамдардың қай жерде тұратынын және қандай аумақтар бұзылатынын да анықтайды.
Тұрғын үй қоры және жаңа шаршы метрлер
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Астананың тұрғын үй қоры 36,7 миллион м² құрайды, оның 87,3 пайызы – көппәтерлі үйлер. Қазір бір тұрғынға шаққанда шамамен 24 м² тұрғын үйден келеді.
2030 жылға қарай тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін жан басына шаққанда 26,2 м²-ге дейін көтеру көзделіп отыр (қор 51,5 миллион м²-ге дейін өседі).
2035 жылға қарай нысаналы көрсеткіш – жан басына шаққанда 30 м². Ол үшін қаланың жалпы тұрғын үй қоры шамамен екі есеге артып, 68,3 миллион м²-ге жетуі тиіс.
Барлығы 33,3 миллион м² жаңа тұрғын үй салу жоспарланып отыр (оның 15,3 миллион м² – 2030 жылға дейін). Егер 2025 жылы құрылыс жүргізілген бөлік қала аумағының 14,2 пайызын иеленсе, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 37 пайызға дейін өседі.
Ескі тұрғын үйлер мен саяжайларды бұзу
Жаңа аумақтарды игеру үшін Астанада құрылыс астында қалатын апаттық және ескі үйлер, саяжайлар, гараждар мен аз қабатты үйлер бұзылады деп күтіледі.
Бұзылатын тұрғын үйлердің жалпы көлемі – 1,71 миллион м² (оның 484 мың м²-і 2030 жылға дейін бұзылады). Құжаттағы ақпаратқа сәйкес, бұзылатын тұрғын үйлердің басым бөлігі, яғни 95 пайызы – жеке сектор.
Мектептер мен балабақшалар
Бас жоспарда білім беру нысандарының ауқымды құрылысы да қарастырылған. 2035 жылға дейін Астанада 159,2 мың орындық 206 балабақша ашу жоспарланыр отыр, бұл қаланың қажеттілігін толық өтейді деп күтіледі.
Сонымен қатар оқушылар санының артуына байланысты 2030 жылға дейін 123 мектеп, ал 2035 жылға қарай тағы 55 мектеп салу жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін барлығы 256,2 мың оқушы орнын құру қажет болады.
Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын үкімет 2024 жылғы қаңтарда бекітті. Сол кезде оны жүзеге асыру үшін түрлі көздерден 6,3 триллион теңге қажет болатыны айтылған еді. Шамамен 4,3 триллион теңгені тұрғын үй құрылысына тарту, тағы 700 миллиард теңгені инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау жоспарланған болатын.