17 мың қазақстандықтың онға дейін пәтері бар. Баспанамен қамтамасыз ету деңгейі қандай және баға не болмақ?
Қазақстандықтардың қанша баспанасы бар, бүгінде қанша адамның бір де бір "шаршы метрі" жоқ, тұрғын үй қаншалықты қолжетімді, жылжымайтын мүлік неге қымбаттайды және оны кімдер сатып ала алады? Бұл сұрақтарды ашық пікірталас аясында нарықтың беделді сарапшылары - "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова, Қазақстан құрылысшылар одағы Алматы филиалының директоры Тимур Нұртаев және экономист Эльдар Шамсутдинов талқылады. Tengri Home олардың ең қызықты пікірлерін ұсынады.
Кімде пәтер аз, кімде көп?
Отандық тұрғын үй қорында 6,2 миллион пәтер мен 2,3 миллион жеке үй бар.
5,5 миллион қазақстандықтың өз баспанасы бар.
Бұл статистиканы "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова Taldau Talks подкастындағы әңгіме барысында келтірді.
Спикер "шаршы метрмен" қамтылу бойынша да деректер бөлісті. Қазақстан азаматтарының иелігіндегі тұрғын үй саны төмендегідей:
4,2 миллионға жуық адамда - бір пәтерден
934 мың адамда - екіден
219 мың адамда - үштен
82 мыңға жуық адамда - төрт-бестен
17 мың адамда - алтыдан онға дейін
Бұл ретте 1 082 504 адамның баспанасы жоқ, олар жеңілдетілген "шаршы метрлерге" кезекте тұр.
Ибрагимованың айтуынша, жыл сайын шамамен 20 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл шамамен 170 мың пәтер. Осы ретте баға мәселесінде теңсіздік байқалады. Нарықтағы негізгі белсенділік үш мегаполиске - Астана, Алматы және Шымкентке тиесілі. Спикердің нақтылауынша, пайдалануға берілетін нысандардың жартысына жуығы және ипотекалық портфельдің 50 пайыздан астамы осы қалалардың үлесінде.
Баспана қаншалықты қолжетімді?
Қанша үй салынса да, ең бастысы - қазақстандықтардың оны сатып алуға қаражаты болуы керек. Ляззат Ибрагимова подкастта халықтың төлем қабілеттілігі туралы айта келе, тұрғын үйдің қолжетімділік индексі ұғымын тілге тиек етті.
"Бұл да өте танымал критерий. Ол үшін екі адамнан тұратын стандартты отбасы алынады және 40-50 шаршы метрлік ең кішкентай пәтердің құны есептеледі. Нәтижесінде осы ең кішкентай пәтерді сатып алу үшін қанша жылдық жалақы қажет екені анықталады. Бізде ол (индекс - ред. еск.) - төрт жыл. Кей жылдары ол аздап артады, кей жылдары азаяды", - деді Ляззат Ибрагимова.
Бірақ бұл көрсеткіш өңірлер бойынша әртүрлі болуы мүмкін, деп нақтылады спикер. Себебі бағада айтарлықтай алшақтық бар.
"Кейінгі екі жылда Астанада шаршы метрдің орташа құны, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 700 мың теңгеге жетті, ал Оралда, мысалы, әлі күнге дейін 360 мыңды көрсетіп тұр. Яғни, егер осы қолжетімділік индекстерін есептесек, олар өңірлер бойынша мүлдем әртүрлі болады", - деп түсіндірді Ляззат Ибрагимова.
Тұрғын үй нарығында не болмақ?
Отбасы банк басқарма төрайымының пікірінше, сатып алу-сату мәмілелерінің көлемі демографиямен тікелей байланысты, яғни туу көрсеткішіне тәуелді. Осы факторды ескерсек, Ибрагимова алдағы бес жылда тұрғын үйге сұраныс сақталады деп есептейді.
Ал пікірталасқа қатысқан экономист Эльдар Шамсутдинов, керісінше, алдағы бес жылда тұрғын үйге қажеттілік "айтарлықтай жоғары болмайды" деп санайды. Оның пайымдауынша, біз бейби-бумның шыңынан өтіп кеттік.
"Бала туу төмендеп жатыр, біз шарықтау шегінен өттік, енді жыныстық-жастық пирамидасы соңына қарай тарыла бастады. Егер басында 3-4 көрсеткіші туралы айтсақ, қазір 2,7 (туу көрсеткіші - ред. еск.) туралы айтып отырмыз. Бұл - республика бойынша жалпы көрсеткіш. Өңірлік тұрғыда алсақ, солтүстік аймақтарда қазірдің өзінде бірге тең. Яғни, солтүстік өңірлер өте тез қартайып жатыр. Тұрғын үй нарығының бәсеңдей бастағаны байқалады. Табиғи сұраныс азайып, ұсыныс өсе береді", - деп болжады Шамсутдинов.
Подкаст қонағы болған Қазақстан құрылысшылар одағы Алматы филиалының директоры Тимур Нұртаев нысандарды салудың өзіндік құны артады, соған байланысты "шаршы метрдің" түпкілікті бағасы өседі деген болжам айтты. Себептер қатарында құрылыс-монтаж жұмыстары мен материалдардың қымбаттауы бар.
"Құрылыс материалдарының бағасы бір орында тұрмайды, олар қымбаттап жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі материалдардың жартысынан астамын өзіміз өндіреміз деп сендіргенімен, бұл тұрғын үй, азаматтық және өнеркәсіптік құрылысты кешенді түрде алғанда мүмкін болар. Бірақ тұрғын үй құрылысына келетін болсақ, құрылыс материалдарының басым бөлігі шетелден сатып алынады. Егер әлемдік нарықта қандай да бір материал, мысалы, металл мен арматура қымбаттаса, ал бұл тұрғын үй құрылысындағы негізгі шығын, сәйкесінше, бізде де құрылыстың өзіндік құны өседі", - деп атап өтті Нұртаев.
Нарықта құрылыс салушылардың баға бойынша сөз байласуы мүмкін бе деген сұраққа Эльдар Шамсутдинов мұндай жағдай болуы ықтимал деп жауап берді. Ол сату көлемі мен баға статистикасын бақылай отырып, осындай тұжырымға келіп отыр.
"Нарықта баға келісімі бар ма? Меніңше, бар, өйткені құрылыс салушылардың бағасы бәрібір шамалас, бір мезгілде өсіп отырады. Бұрынғыдай сәттік гипержеңілдіктер, қандай да бір бәсекелестік байқалмайды. Білесіз бе, мен құрылыс салушылардың клиент үшін таласқан жарнамасын көрмегелі де біраз болды", - деп бөлісті Шамсутдинов.
Сарапшылардың толық пікірін дереккөзден тыңдауға болады:
Баспана сатып алуды жоспарлап жүргендерге кеңес
Эльдар Шамсутдинов мынадай кеңес берді: егер пәтер сатып алу үшін қарыз рәсімдесеңіз, ай сайынғы төлем сомасы табысыңыздың 30 пайызынан аспағаны маңызды. Әйтпесе, экономикалық белсенділігіңіз төмендеп кетеді.
Сондай-ақ экономистің пайымдауынша, сомасы үлкен, бірақ сыйақы мөлшерлемесі төмен ипотеканың соңынан қуудың қажеті жоқ. Ол пайызы жоғары болса да, көлемі шағын ипотекалық несие рәсімдеген тиімдірек деген сенімде. Спикердің айтуынша, оны кейін қайта қаржыландыруға болады.
Тағы оқыңыз: Құрылыс салушының келісімшарты: қазақстандықтар жаңа үйден пәтер аларда нені ескеруі керек?
Бастапқы жарнасыз және мерзімі кешіктірілген төлемдер болса, ипотека алу мүмкін бе? Сарапшы пікірі