Жұлдызбен “достығын“ мақтан еткісі келген, бірақ “өмірлік мүмкіндігін“ жіберіп алды: хат-хабарды тарату несімен қауіпті?
"Өмірлік мүмкіндігінен айырылды"
Жақында логотиптер дизайнері Аллан Питерс жұрт назарына ілікті. Оған брендингпен айналысатын маман іздеп жүрген және оның жұмыстарына қызығушылық танытқан A$AP Rocky хат жазған.
Хабарлама Питерстің Instagram-дағы жеке парақшасына келген. Рэпер логотипті өңдеу құны туралы сұрап, дизайнермен жұмыс істеу мүмкіндігіне қуанышты болатынын жазған.
"Қайырлы таң, Аллан. Логотипті жетілдіру үшін қанша аласыз? Егер осы іспен айналысуға дайын болсаңыз, сізбен жұмыс істеу мен үшін мәртебе. Еңбегіңізді жоғары бағалаймын. Аман болыңыз", - делінген хабарламада.
Питерс үшін бұл күтпеген әрі жағымды ұсыныс болғаны анық. Дизайнердің миллионнан астам оқырманы бар, ол өз жұмыстары мен дизайн жасау процесі туралы жарияланымдарының арқасында танымал болған.
Алайда хабарламаны жеке хат-хабар ретінде қалдырудың орнына, Питерс оны скриншот жасап, өзінің негізгі Instagram лентасына жариялап жіберген.
"Айтарға сөзім жоқ", - деп жазба қалдырды ол жарияланым астына.
Rocky-дің реакциясы бірден посттың астында пайда болды.
"Бұл жиіркенішті. Демек, біз бірге жұмыс істемейтін шығармыз. Сәттілік, дос", - деп жазды рэпер пікірде бас әріптермен.
Осыдан кейін дизайнер жарияланымды өшіріп тастады.
Скриншот: instagram.com/allanpeters
Осылайша, қос тарап жұмысты, бағасын және шарттарын талқылап үлгермей жатып, әлеуетті ынтымақтастық аяқталды. Әлеуметтік желілерде бұл жағдай бір ғана жарияланымның кәсіби мүмкіндікке қалай нүкте қоятынына мысал ретінде талқылана бастады.
"Жігіт өмірлік мүмкіндігін жіберіп алды", - деп жазды Complex.
Кейін Аллан Питерс болған жағдай туралы видео жариялады.
Оның айтуынша, ол Rocky-ді ыңғайсыз жағдайға қалдыруды немесе оның сеніміне қиянат жасауды көздемеген. Дизайнер бұл жарияланымды достық ишара ретінде қабылдағанын және алған хабарламасына жай ғана қуанғанын айтады.
"Мен бұл достық ишара болады деп ойладым", - деп түсіндірді Питерс.
Ол Rocky-дің бұл жарияланымды олай қабылдамағанын және оны өшіруді сұрағанын айтты. Содан кейін дизайнер кешірім сұраған.
Бұл ретте Питерс қателік жібергенін мойындады.
"Мен қателестім және бұлай істемеуім керек еді", - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар дизайнер Rocky-дің жанкүйері болып қала беретінін және жағдай оң шешіледі деп үміттенетінін жеткізді.
"Мен A$AP Rocky-дің жанкүйерімін және бәрі реттеледі деп үміттенемін", - деп түйіндеді ол.
Ал Rocky-дің өзі Питерстің жаңа видеосына көпшілік алдында жауап берген жоқ.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
A post shared by Allan Peters (@allanpeters)
Хат-хабарды жариялау неге дау тудырды?
Әлеуметтік желіде қолданушылардың пікірі екіге жарылды. Бірі A$AP Rocky-дің реакциясын тым қатал деп есептеп, Питерс жай ғана өзі үшін маңызды сәтті бөліскісі келгенін айтты. Екіншілері, керісінше, жарияланымнан кәсіби емес әрекетті көрді: хабарлама жеке жіберілгендіктен, олардың ойынша, ол көпшілікке көрсетуге арналмаған.
Кейбір желі қолданушылары атақты адамдар үшін де, басқалар сияқты кәсіби қарым-қатынаста құпиялылық өте маңызды екенін еске салды. Пікір қалдырушылар мұндай материалдарды жарияламас бұрын алдымен сұхбаттасушының келісімін алуға немесе кем дегенде жобаның аяқталуын күтуге кеңес берді.
Дегенмен, Питерс пен Rocky-дің оқиғасы жеке хат-хабар жария болып кеткен алғашқы жағдай емес. Әлеуметтік желілерде түрлі себеппен хабарламалар үнемі жарияланып тұрады: біреулер өзгелерді болжамды алаяқтар туралы ескерткісі келеді, біреулер жанжал туралы айтып, өз нұсқасын дәлелдеу үшін хаттарды жариялайды, ал кейде сұхбаттасушының келісімінсіз оның жеке өмірінің егжей-тегжейі көпшілікке жария болып жатады.
Скриншот: әлеуметтік желілер
Бір қарағанда, егер хат-хабар рас болса және скриншот қолдан жасалмаса, оны жариялай салуға болатындай көрінуі мүмкін. Алайда адамның хат-хабарға қатысу фактісі оның мазмұнын еш шектеусіз таратуға құқылы екенін білдірмейді. Бұл жерде дербес деректер, жеке өмір және ықтимал заңдық салдар туралы сұрақтар туындайды.
Қазақстанда біреудің хат-хабарын жариялауға бола ма?
Заңгер Кристина Гринбергтің айтуынша, Қазақстанда хат-хабардың кез келген скриншотын жариялауға тікелей тыйым салатын заң жоқ. Алайда, бұл кез келген жеке хат-хабарды әлеуметтік желіде еркін жариялауға болады дегенді білдірмейді.
"Қазақстанда хат-хабарлар скриншотын жариялау әрдайым заңды бола бермейді", - деп атап өтті Гринберг.
Оның айтуынша, хат-хабарларда дербес деректер, жеке өмір туралы мәліметтер немесе қолжетімділігі шектелген басқа да ақпарат болуы мүмкін. Бұл ретте дербес деректер туралы заңнама мұндай мәліметтерді тарату, әдетте, заңды негізде немесе адамның келісімімен жүзеге асырылуы тиіс екенін қарастырады.
Скриншотта нақты не көрініп тұрғанының маңызы зор. Ол аты-жөні, телефон нөмірі, ЖСН, электрондық пошта, сурет, никнейм немесе сұхбаттасушыны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін басқа да мәліметтер болуы мүмкін.
"Егер скриншотта тегі, аты, телефон нөмірі, ЖСН, электрондық пошта мекенжайы, суреттер, мессенджерлердегі аккаунттар немесе адамды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін өзге де мәліметтер көрініп тұрса, оны келісімсіз жариялау сотқа немесе уәкілетті органдарға жүгінуге негіз болуы мүмкін", - деп түсіндірді заңгер.
Бұл ретте 2026 жылы дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздік саласындағы реттеу жалпы алғанда күшейді, бірақ заңнамада әлеуметтік желілерде хат-хабарларды жариялауға нақты жеке тыйым салынбаған. Сондықтан, Гринберг әрбір жағдайды жеке қарастыру қажет екенін атап өтті.
Кез келген скриншотты жариялауға болмайды
Тағы бір маңызды жайт: хат-хабардың шынайы болуы оны ашық жерге шектеусіз қоюға болады дегенді білдірмейді.
Жағдайды бағалау кезінде жариялау мақсаты, ақпараттың қоғамдық маңызы, ашылған мәліметтердің көлемі және хабарламалары жарияланған адам үшін салдары маңызды болуы мүмкін.
Заңгердің айтуынша, егер келісімсіз дербес деректер таратылса, жеке немесе құпия ақпарат ашылса, жарияланым қорлаумен немесе жалған айыптаумен ұласса, ар-намысқа, қадір-қасиетке немесе іскерлік беделге нұқсан келтірсе немесе моральдық немесе мүліктік зиян келтірсе, құқықтық салдардың туындау қаупі бар.
Егер хат-хабар желіге шығып кетсе не істеу керек?
Бұл ретте жариялаудың құқықтық негізі болуы мүмкін жағдайлар да кездеседі. Мысалы, дербес деректер сенімді жасырылса, жариялау өз құқықтарын қорғаумен байланысты болса, айтарлықтай қоғамдық мүдде туындаса және басқа адамдардың құқықтары бұзылмаса.
Бірақ мұндай жағдайда да жариялауды автоматты түрде қауіпсіз деп санауға болмайды.
"Әрбір жағдайды жеке бағалау қажет", - деп атап өтті Гринберг.
Тағы бір мәселе - заңбұзушылықтың бар-жоғын хат-хабардың бір ғана үзіндісі арқылы анықтауға тырысу.
Заңгердің айтуынша, оның тәжірибесінде адамдар жеке хабарламалардың скриншоттарын жиі жіберіп, нақты бір сөздің қорлау немесе қоқан-лоққы екенін және сұхбаттасушыны жауапқа тартуға болатын-болмайтынын сұрайды.
Алайда, толыққанды құқықтық баға беру үшін бір скриншот жеткіліксіз болуы мүмкін.
"Құқықтық баға беру жекелеген сөздерге ғана емес, бүкіл хат-хабардың мән-мәтініне, жанжалдың мән-жайына, қатысушылардың жеке басына және басқа да дәлелдемелердің болуына байланысты", - деп атап өтті Гринберг.
Мысалы, кез келген дөрекі немесе жағымсыз сөз заң тұрғысынан автоматты түрде қорлау болып саналмайды. Дәл сол сияқты, эмоционалды айтылған сөз міндетті түрде қоқан-лоққы деп есептелмейді. Хабарламаның мән-мәтінін, мазмұнын және жіберілген жағдайларды түсіну маңызды.
Неге біреудің хат-хабарын үлкен чаттарға жібермеген жөн?
Заңгер адамдар кеңес алу үшін үлкен топтарға жеке хабарламаларды жіберетін жағдайларға ерекше назар аударды.
Мысалы, адам алғашқы құқықтық көмек сұрап, мыңнан астам адам отырған чатқа скриншот жіберуі мүмкін. Егер суретте хат-хабарға қатысушыларды анықтау мүмкін болса, мұндай таратудың өзі қосымша қауіп тудыруы мүмкін.
"Біз 1000-нан астам адам бар чатқа мұндай хаттарды жіберуге болмайтынын әрдайым түсіндіреміз, өйткені бұл жерде жеке хат-хабардың құпиясы ашылады", - деді Гринберг.
Егер хат-хабардың екінші қатысушысы да осы қауымдастықта болса және өзін оңай танып қойса, жағдай тіпті қиындауы мүмкін.
Сондықтан заңгер қажеттілік болмаса, айналадағылардың пікірін білу үшін ғана жеке хабарламаларды жарияламауға кеңес берді.
Скриншотты жарияламас бұрын нені тексеру керек?
Егер адам бәрібір хат-хабарды ашық жариялау қажет деп санаса, Гринберг ең болмағанда сұхбаттасушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді өшіруді ұсынды.
Жарияламас бұрын мыналарды жасырған жөн:
аты-жөні;
суреті;
телефон нөмірі;
электрондық пошта мекенжайы;
никнеймі;
QR-код;
басқа да сәйкестендіретін және дербес деректер.
Алайда деректерді жасыру жарияланымның автоматты түрде заңды болатынын білдірмейді. Хат алмасудың мазмұны, оны тарату мақсаты және туындауы мүмкін салдар да маңызды рөл атқарады.
Заңгер кең таралған қате түсінік туралы ерекше ескертті.
"Егер хат алмасу менікі болса, оны қалағанша жариялай аламын" деген пікір қате. Хат алмасуға қол жеткізу құқығы оны көпшілікке таратуға автоматты түрде құқық бермейді. Әр жағдайда пікір білдіру бостандығы мен басқа адамның дербес деректерін және жеке өмірін қорғау құқығы арасындағы теңгерімді сақтау қажет", - деп атап өтті Гринберг.
Егер хат алмасуыңыз жарияланып кетсе, не істеу керек?
Егер жеке хабарлама келісімсіз әлеуметтік желіде пайда болса, бірден қарымта хаттарды жариялаудың немесе пост авторының жеке деректерін әшкерелеудің қажеті жоқ.
Гринбергтің айтуынша, алдымен нақты қандай мәліметтер жарияланғанын, қатысушыларды анықтау мүмкін бе, хат алмасу жеке немесе құпия сипатта болды ма және бұл жарияланым қандай зиян келтіруі мүмкін екенін анықтап алған жөн.
Егер адам өз құқықтары бұзылды деп есептесе, келесі қадам заңгерлік кеңес алу болуы мүмкін. Содан кейін ғана полицияға, сотқа жүгінуге немесе хат алмасуды дәлел ретінде пайдалануға негіз бар-жоғын шешуге болады.
"Ойланбай жасалған жарияланымнан кейін сот дауының қатысушысына айналғанша, алдымен құқықтық кеңес алған әлдеқайда қауіпсіз", - деді заңгер.
Кристина Гринберг - азаматтық, тұрғын үй, отбасылық, әкімшілік және корпоративтік құқыққа маманданған заңгер. Қазіргі заманғы гуманитарлық академияны (MUH) бітірген. Қызметін 2009 жылдан бері жүргізіп келеді. Алматыдағы жеке заң компаниясының жетекшісі. Азаматтар мен бизнеске құқықтық көмек көрсетеді, сот дауларын сүйемелдейді және құқықтық қорытындылар дайындайды.