Бензинмен жүретін көлік немесе электрмобиль: қазақстандықтардың талғамы қалай өзгерді?
Қазақстанда жеңіл көліктер арасында бензин ең көп таралған отын түрі болып қала береді. Бұл ретте кейінгі бірнеше жылда оның үлесі сәл өскен, деп хабарлайды Tengri Auto Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
2026 жылғы маусымдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің 88 пайызы бензинмен жүреді. Бұл ретте олардың үлесі біртіндеп артып келеді: бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 87,7 пайыз, ал 2022 жылғы маусымда 86,7 пайыз болатын.
Елде 5,1 миллионға жуық жеңіл автокөлік тіркелген, оның ішінде шамамен 4,4 миллионы - бензинмен жүреді.
Фото: Energyprom.kz.
Бұл ретте аралас отынмен жүретін автокөліктер үлесі төрт жылда 9,1-ден 7,3 пайызға дейін төмендеді. Дизельді автокөліктердің де автопарктегі үлесі азайып, 2 пайыздан 1,7 пайызға дейін түсті.
Электрмобильдер көбейді
Электрмобильдер саны керісінше артып келеді. 2026 жылғы маусымда Қазақстанда 25,3 мың электркар тіркелді - бір айдың ішінде ғана олардың қатары тағы 620 көлікпен толықты. Дегенмен, әзірге елдегі жеңіл автокөліктердің тек 0,5 пайызы электр қуатымен жүреді.
Қазақстандағы электрмобильдердің жартысынан астамы Алматыда шоғырланған - жалпы санының 63,2 пайызы. Мұнда жеңіл автокөлік паркіндегі электркарлардың үлесі қазірдің өзінде 2,5 пайызға жетті. Салыстырмалы түрде: Астанада бұл көрсеткіш - 0,7 пайыз, ал Шымкентте - 0,4 пайыз.
Фото: Energyprom.kz.
Қуаттау инфрақұрылымы да дамып келеді. Қазақстанда 642 қуаттау бекеті орнатылды, оның 400-і Алматыда орналасқан.
Автопарк құрылымындағы ең үлкен айырмашылық Маңғыстау облысында байқалады. Мұнда бензинмен жүретін көліктер тек 49,4 пайызды иеленсе, аралас отынмен жүретін машиналардың үлесі 47,6 пайызға жетеді.
Салыстырмалы түрде: ШҚО-да бензинмен жүретін көліктердің үлесі 94,1 пайызға, Абай облысында 93,9 пайызға, Астанада 92,8 пайызға жетеді.
Қазақстанда дизельді автокөліктер сирек кездеседі. Олардың ең жоғары үлесі Алматыда – 3,1 пайыз, Атырау облысында – 3 пайыз, Алматы облысында – 2,6 пайыз және Жетісу облысында – 2,4 пайыз деңгейінде тіркелген.
Бұған дейін Алматыда электрмобильдерді басты жеңілдіктердің бірінен айыру ұсынылғаны хабарланған болатын.
Тағы оқыңыз: Тұрғын үй кешеніндегі электрмобильді зарядтау станциясы: қалай орнату керек және ол үшін не қажет?