6,5 миллион теңгеге дейін: Қазақстанда оқушыларға берілетін төлемдер туралы еске салды
Қазақстандық мектеп оқушылары халықаралық олимпиададағы жеңісі үшін 6 миллион теңгеден астам сыйақы ала алады. Сыйақы мөлшері туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еске салды, деп хабарлайды Tengri Education тілшісі.
Халықаралық зияткерлік жарыстардың жеңімпаздарына ақшалай көтермелеу жүйесі Қазақстанда 2022 жылдан бері қолданылып келеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, біржолғы төлем иеленген марапатқа байланысты:
алтын медаль үшін - 1500 АЕК-ке дейін немесе 2026 жылы 6 487 500 теңге;
күміс медаль үшін - 1000 АЕК-ке дейін немесе 2026 жылы 4 325 000 теңге;
қола медаль үшін - 500 АЕК-ке дейін немесе 2026 жылы 2 162 500 теңге.
Мемлекеттік қолдау тек оқушыларға емес, олимпиада жеңімпаздарын дайындаған педагогтарға да қарастырылған.
Министр бүгін Үкімет отырысында 2025/2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурстарға қатысып, 1 059 медаль мен 57 арнайы марапатты иеленгенін хабарлады.
Соңғы жетістіктердің қатарында Қазақстан құрамасының Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасындағы өнері бар. Команданың барлық бес мүшесі де алтын медаль иеленді. Ведомство бұл нәтижені ел үшін тарихи көрсеткіш деп атады.