Бәріміз шаршадық. Неге қаладағы қазақстандықтар демалуды ұмытты?
Ал көптеген қазақстандық, әсіресе ірі қала тұрғындары, тұрақты шаршаңқылықтан енді демалыс та құтқара алмайтынына шағымданады.
Tengrinews.kz тілшісі сарапшылармен бірге неге тез шаршайтын болғанымызды және қалыпқа келе алмайтынымызды талқылады; заманауи демалысқа не жетіспейтінін және шаршаңқы күйіміздің эзотериканың танымалдылығымен және қастандық теорияларымен қандай байланысы бар екенін анықтады.
"Мен шаршадым"
- Оятқыштың көңілді әуені ойнап тұр. Екеумізден ол ғана ширақ, өйткені мен шаршап оянамын. Қайтадан түнгі сағат екіде жатқанымды, чатта кешке дейін отырмау керек екенін, содан кейін анау ақымақ сериалды соңына дейін көрмеуім керек болғанын ойлаймын. Ол кешке дейін маза бермейтін ұйқының минус екі сағатына татымайтыны анық еді.
Кешке дейін, өйткені кешкісін менің ұйқым келмейді. Мен тағы да түн жарымға дейін телефонға үңіліп жатамын, ал таңертең тағы да демалыс күндерін күтемін. Демалыста түске дейін ұйықтаймын, сосын туыстарға баруым керек және үйді аздап жинастыруым қажет: пицца қораптарын жинап шығару және кем дегенде шаңсорғышпен жүріп өту.
Иә, жақында ғана демалыста болдым. Жақсы еді. Бірақ келген соң тағы да шаршағанымды сезіндім. Отбасы мен бала-шағасы бар, олармен айналысып, бір жаққа апарып, көңілін көтеруі керек адамдар қалай өмір сүретінін білмеймін. Менің бұған күшім жетпейтіні анық.
Мүмкін, демалыс тым қысқа болған шығар, білмеймін... Мен шаршадым.
Біз шаршаңқылық туралы сауалнама жүргізген кезде оқырмандарымыздың бірі - 33 жастағы алматылық М. осындай сырын бөлісті. Жауап әртүрлі болды, бірақ қызығы, адамдар шаршаудың объективті себептері ретінде - жұмыс, тұрмыс тауқыметі немесе бала күтімі емес, ойды басқа арнаға бұрып, толық тыныға алмайтынын жиі айтты.
Қазақстандықтар ғана шаршаған жоқ
Жалпы, жақында қазақстандықтар ғана шаршамағаны белгілі болды. "Ұлы шаршау" деп аталатын құбылыс бүкіл әлемді шарпыған. Ол "кейінгі жылдардағы басты сезімдердің бірі" екені айтылады.
Бұл фактіні әлемдегі ең ірі трендтерді болжау агенттігі WGSN атап өтіп, зерттеді. Тіпті арнайы - The Great Exhaustion ("Ұлы шаршау") терминін енгізді.
Әлемдік ауқымдағы "ұлы шаршау" қайдан пайда болады?
Зерттеуде мұндай күй "жай жұмыс жүктемесінен" туындамайтыны айтылған. Оған бірнеше стресс көзі қосылады: өмір сүру құнының артуы, қаржылық белгісіздік, геосаяси шиеленіс және экологиялық мәселелерге байланысты үрей.
WGSN мұны "полидағдарыс" деп сипаттайды - бірнеше дағдарыс бір мезгілде болып, жалпы тұрақсыздық сезімін күшейтеді.
Шаршаңқылық деген не?
Мәселені "шаршаңқылық" сөзінің анықтамасынан бастайық. Медициналық анықтамалық дереккөздерде ол былай сипатталады:
Анықтама: шаршаңқылық - бұл объективті физиологиялық қажу процесінің дамуы туралы хабар беретін субъективті сезім, тәжірибелер кешені.
Сонымен қатар, шаршаңқылықтың екі түрін ажыратады:
Адаптивті - "сау", дәл сол сәтте қатты сезілетін шаршаңқылық. Бұл - ресурстар таусылғанын ескертетін және өзімізге зиян келтірмес үшін демалу керек екенін білдіретін қалыпты қорғаныс механизмі.
Созылмалы - ағзаның қалпына келуі тоқтайтын және адам нақты бір жүктемеден кейін емес, үнемі әлсіздік сезінетін патологиялық күй.
Дәл осы екінші түрі қала тұрғындары үшін жиі мәселеге айналады, біз бүгін соны қарастырамыз.
Созылмалы шаршаған адамға не қажет екенін қалай анықтауға болады: демалыс па, әлде дәрігер ме?
Созылмалы шаршаңқылықтың медициналық себептерін түсіндіру үшін медицина ғылымдарының докторы, профессор Дамиля Нұғмановаға жүгіндік.
"Шаршаңқылық - бұл адамның субъективті сезімі. Бұл сезім денсаулықтың нақты бұзылуынан, сондай-ақ физикалық, психикалық немесе эмоционалдық шамадан тыс жүктемеден туындауы мүмкін".
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Дамиля Нұғманова
медицина ғылымдарының докторы, профессор
Профессор сіз өзіңізді үнемі қажығандай сезінсеңіз, ең алдымен шаршаңқылық немесе тез шаршау негізгі немесе маңызды белгісі болып саналатын ауруларды жоққа шығару керек екенін атап өтті. Төменде ең көп таралғандарының тізімін келтіреміз:
Соның бірі - өкпенің созылмалы обструктивті ауруы. Бұл кезде темекі өнімдерін тұтыну салдарынан адамның альвеолалары "еріп", бронхтары "жабылады", содан әдеттегі физикалық жүктемелерді көтере алмайды және ентігу пайда болады. Мысалы, күйеуі әйеліне базардан ауыр сөмкелерді көтерісуге көмектесе алмайды немесе серуендегенде әйеліне ілесе алмай қалады.
Адамдардың өзін әлсіз сезінетін тағы бір жиі кездесетін ауруы - созылмалы жүрек жеткіліксіздігі. Ол білінбей келеді, инфаркттан кейін, стенокардия кезінде немесе нашар бақыланатын гипертонияда дамиды.
Сонымен қатар үнемі шаршау сезімі зат алмасудың бұзылуымен, мысалы, қант диабеті немесе предиабет, семіздік (немесе артық дене салмағы), инсулинге төзімділік, қандағы холестерин мен басқа липидтердің жоғарылауы, бауырдың оқшауланған семіздігі (тіпті дене салмағы қалыпты болса да бауыр гепатозы) сияқты дерттермен байланысты болуы мүмкін.
Қалқанша безінің жеткіліксіздігі, гипотиреоз кезінде де жиі тез шаршау, ашушаңдық, қозғалуға зауқының соқпауы байқалады.
Дәл осындай белгілер депрессияға да тән. Бұл - мұқият назар аударуды және емдеуді қажет ететін күрделі ауру. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті.
Әрине, барлық ауыр дерт (қатерлік ісік, ойық жаралы колит, бауыр циррозы, бүйрек жеткіліксіздігі және т.б.) де шаршау мен апатия сезімімен ұласады.
Шаршау және ұйқының қанбауы
Егер бұл аурулар болмаса, онда шаршау сезімі көбіне ұйқының қанбауымен байланысты.
"Егер сіз тәулігіне 4–5–6 сағат қана ұйықтасаңыз - бұл өте аз, - деп жалғастырды Нұғманова. - Ми, одан кейін нейрондар мен иммунитет жасушалары тазарып, қалпына келіп үлгермейді. Глимфатикалық ("г" әрпінен басталады) жүйе жасуша сынықтары мен артық ақуыз молекулаларын жинай береді".
Ересек адам 8–9–10 сағат ұйықтауы керек. Ал балалар мен жасөспірімдер бұдан да көп ұйықтауы тиіс.
Профессордың айтуынша, дәрігерлер бір нәрсені қайталай беруден жалыққан:
"Шылым шекпеңіз, дұрыс тамақтаныңыз, көбірек қозғалыңыз, күн көзінде, орманда, тауда, далада, су айдындары жанында жиі болыңыз, алкогольді асыра пайдаланбаңыз, зиянды әсер ететін және ұрыс-керіс шығаратын адамдардан аулақ болыңыз, отбасыңызбен, балаларыңызбен және достарыңызбен дұрыс әлеуметтік қарым-қатынасты сақтаңыз, уақытылы ұйықтаңыз".
Дәрігердің қорытындысы: егер адамның өмір салты реттелмесе, онда екі апталық қысқа демалыс немесе "детокс" орталықтарына бару, тамыр тамшылатқыштары, тағамдық қоспалар мен дәрумендер созылмалы шаршаумен күресуге еш көмектеспейді.
Фото: © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Үлкен қала - шаршау өндіретін машина іспетті
- Қалада жұмыстарыңыз аз ғой. Неден шаршайсыздар? - депті бірде ауылдан мақала авторына қонаққа келген туысы. - Мал жоқ, бау-бақша жоқ. Үйдің ішін аптасына бір рет жинап қойсаң, тап-таза боп тұрады - көшеден ешкім ештеңе тасып, ластамайды.
Астана мен Алматыдағы мал мен бақшасы жоқ оқырмандарымыз неге шаршайды? Бұл сұрақтың жауабын мәдениеттанушыдан сұрап көрдік.
"Адам биологиялық тұрғыдан қазіргі мегаполисте өмір сүруге жаратылмаған"
Мәдениеттанушы Самир Серкебаев адам баласы биологиялық тұрғыдан қазіргі мегаполисте өмір сүруге жаратылмаған деп есептейді. Мәселе біздің тым көп жұмыс істегенімізде немесе аз ұйықтағанымызда ғана емес. 40–50 мың жыл бұрын қалыптасқан миымыздың жаңа әлемнің шындығына әлі терең бейімделе алмауында. Бұл созылмалы шаршауды тудыратын факторларға әкеп соғады.
Бірінші фактор: биологиялық. Ми өмір ағымына ілесе алмай жатыр
"Біздің ағзамыз мүлдем басқа өмір ырғағына және басқа қарым-қатынас тәсіліне бейімделген. Біз бұрын-соңды қазіргідей ақпарат ағынын қабылдаған емеспіз. Бұрын аз адаммен - шамамен төрт-жеті адамнан тұратын топпен ғана араласқанбыз".
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Самир Серкебаев
мәдениеттанушы
Спикердің айтуынша, бұл диапазон кездейсоқ емес.
Когнитивистикада "Миллер саны" деген ұғым бар: ол - адамның бір уақытта есінде сақтай алатын логикалық операторларының саны, яғни 7±2. Бұл - бес-жеті шарт немесе себеп-салдарлық байланыс. Дәл осыншама адамды ғана біз "өз адамымыз" ретінде назарда ұстап, осыншама тапсырманы ғана шамадан тыс күш жұмсамай шеше аламыз.
Ал енді қазіргі өмірге көз жүгіртейік.
"Қарым-қатынас шексіз болып барады. Көлік логистикасынан бастап, қаладағы оқиғалар мен біз оқитын жаңалықтарға дейінгі күнделікті ескеруіміз керек оқиғалардың саны өте көп, ол алғашқы ортадағы өмірмен мүлдем салыстыруға келмейді, - дейді Серкебаев. - Миымыз демалып үлгермейді, осыншама ақпаратты өңдеуге қауқары жетпейді".
Нәтижесінде адамның жаратылысы мен оның өмір сүру режимі арасында сәйкессіздік туындайды.
Екінші фактор: әлеуметтік-психологиялық. Қазіргі әлем тұрақты күйзеліс тудырады
Адам санасына салмақ түсіріп, созылмалы шаршауды тудыратын тағы бір фактор - қазіргі әлемнің мәселелерін түсінуге және жүйелеуге тырысу.
"Рационалды тәсілді сақтауға тырыса отырып, біз нәтижесін болжап болмайтын алып жүйеге тап боламыз: экономика, басқа адамдардың іс-әрекеті, әлеуметтік әділетсіздік, геосаясат, экология, климаттық мәселелер - мұның бәрі біз интеллектуалды түрде пайымдай алмайтын гипержүйе. Бұл оны біз үшін болжаусыз әрі түсініксіз етеді", - дейді мәдениеттанушы.
Салдарын есептей алмаған кезде ми күйзеліске ұшырайды. Ал болжаусыздықтан туындаған созылмалы күйзеліс - созылмалы шаршауға апаратын төте жол.
Үшінші фактор: техникалық-экономикалық. Қала біздің назарымызды "жеп" жатыр
Қала өмірі орасан зор шығынды талап етеді: көлік логистикасы, тұрғын үй шығындары, азық-түлік, техникаға қызмет көрсету. Осының бәрі өнімді еңбекке қатысы жоқ уақыт пен назарды сарп етеді.
Түрлі жеңілдік жасау үшін құрылған инфрақұрылымның өзі тұрақты назарды талап ететіні парадокс: кір жуғыш машинаны сатып алу, орнату, күту және жөндеу керек. Микротолқынды пеш пен көлікке қатысты жағдай да дәл осындай.
Адамдар бұл жүктемемен қалай күреседі?
Сарапшы ақпараттық және әлеуметтік шудан қажымас үшін адамдар қолданатын үш стратегияны атап көрсетті.
Бірінші стратегия: "қапшықтағы адам"
Адам қалалық ортаға толықтай еніп кетеді. Ол сыртқы тітіркендіргіштерден барынша оқшауланып, егжей-тегжейіне үңілмей, "не істеу керек болса, соны істейді", оқиғалар ағынымен жүреді және ештеңені жүрегіне жақын қабылдамайды. Себеп-салдарлық байланыс орнатуға тырыспай, өркениет игіліктерін пайдалана береді. Әлеуметтік тетік рөлін қабылдау арқылы ол өзінің психикалық денсаулығын сақтайды.
Екінші стратегия: әлеуметтік дауншифтинг
Қазіргі уақытта мегаполистерден шағын қалалар мен ауылдарға кететін адамдар саны артып келеді. Онда ақпараттық шу аз, өмір ырғағы баяу, ал әлеуметтік байланыс биологиялық тұрғыдан жайлы деңгейге дейін азаяды.
Үшінші стратегия, күтпеген шешім: конспирология
Мәдениеттанушының пікірінше, қазақстандықтар 90-жылдары бастан өткерген эзотериканың қазір қайта жандануы да цифрлық әлемдегі шамадан тыс жүктемемен байланысты және бұл халықтың "ақымақтануын" білдірмейді.
"Адам конспирология мен мистификация арқылы әлемнің ақпараттық бейнесін жеңілдетеді. Бағаның өсуі, жеке өмірдегі сәтсіздіктер, техникадағы ақаулар, геосаясат - мұның бәрін бір себеппен түсіндіре салуға болады: құпия әлемдік үкімет, өзге ғаламшарлықтар, дуа және тағы басқалар. Әлемнің қарапайым бейнесі психикалық денсаулықты сақтауға көмектеседі".
Яғни, қастандық теорияларына сену - бұл қорғаныс механизмі. Ми әлемнің күрделілігінен шаршап қалмау үшін қарапайым түсіндірмені таңдайды.
Осылайша, сарапшының айтуынша, адам баласы қала мәдениетінің қайнар көзі болып саналатын жасанды ортаны құрды. Ол барлық жерде дерлік бірдей, дәстүрлі тарихи тамыры жоқ және барлығын бірдей қажытады.
Демалысымыз бізге қалай жүк болады?
Біз демалысты еңбекке қарама-қайшы ұғым ретінде түсінуге дағдыланғанбыз: егер жұмыс істемесек, демек демалып жатырмыз. Бірақ бүгінде бұл бөлініс шартты сипатқа ие болып барады. Күш-қуатты қалпына келтіру туралы түсінігіміздің қалай өзгергені туралы әлеуметтанушы Татьяна Слабкова айтып берді.
Демалысымызда қандай олқылық бар?
"Біздің демалысымыз қатты өзгерді. Бұрын да демалыс белсенділікті талап ететін, бірақ адам жалғыз қалғанда оның сәл де болса зерігуге мүмкіндігі болатын, оның күн тәртібінде "бос уақыт" деп аталатын кезең бар еді", - деп еске салады әлеуметтанушы.
Бүгінде сол бос уақыт лезде мыналармен толығатынын түсіндіреді:
TikTok,
Instagram,
YouTube,
жаңалықтар,
мессенджерлер,
онлайн-сауда,
сериалдар.
Яғни, адам ештеңе істемей отырған сияқты көрінгенімен, оның зейіні жұмысын жалғастыра береді. Нәтижесінде парадокс туындайды: біз бір тітіркендіргіштен екінші тітіркендіргіштің көмегімен демаламыз.
Демалыс қалыпқа келтірмейді, керісінше жүктейді
Сарапшының айтуынша, қазіргі адамның демалыс күндеріне көрінбейтін еңбектің үлкен қабаты қалады.
"Жұмыс аяқталды, бірақ адам дүкенге барады, тамақ пісіреді, үй жинайды, аптаны жоспарлайды, балалармен айналысады, туыстарына жауап береді, шоттарды төлейді. Яғни, формальды түрде бұл - демалыс күні, ал іс жүзінде - екінші ауысым".
Фото: © Tengrinews.kz / Юлия Колмогорова
Неге демалыс құтқармайтын болды?
Татьяна Слабкова еңбек демалысы "көмектесуді қойды" деп айту қиын екенін атап өтті. Керісінше, біз одан физикалық тұрғыдан мүмкін емес нәрсені күтетін болдық.
"Егер адам 11 ай бойы созылмалы жүктеме режимінде өмір сүрсе, екі апталық демалыс бұл режимнің орнын толық толтыра алмайды".
Сонымен қатар әлеуметтанушының пікірінше, демалыстың өзі көптеген шешім мен күрделі логистиканы талап ететіндіктен, жиі стресске айналады:
оған ақша табу керек;
орын таңдау керек;
билет сатып алу керек;
жоспарлау керек;
ұшақ пен ауысып мінуге үлгеру керек;
баланың зерікпеуін қадағалау керек.
Бұл ретте демалыстағы қызметкерлердің корпоративтік чаттарда байланыста қалуы жиі кездеседі.
"Біз жоғары өнімділік мәдениетінде өмір сүріп жатырмыз, - деп түйіндейді әлеуметтанушы, - мұнда тіпті демалыстың өзі нәтижелілігіне қарай бағаланады. Егер адам шаршаса, оған тоқтаудан бұрын, үйреншікті қарқынға тезірек оралу үшін тиімдірек қалпына келуді үйрену ұсынылады".
Қазіргі заманғы ұстаным:
Егер шаршасаң - тоқтамауың керек, керісінше, тиімдірек қалпыңа келуің қажет.
Бұл тұтас бір "қалпына келу индустриясын" тудырды:
ұйқыға арналған қосымшалар мен трекерлер,
медитация,
спорт,
биологиялық белсенді қоспалар,
ретриттер,
"дұрыс" таңғы рәсімдер,
цифрлық детокс (бұл қаншалықты келемеж болып көрінсе де).
Тағы да парадокс: біз өнімділік мәдениетінен өнімділіктің тағы бір түрі арқылы демалуға тырысамыз. Біз енді ештеңе істемей отыра алмаймыз.
Шығар жол бар ма?
Біз созылмалы шаршау жұмыс көлеміне ғана емес, қазіргі өмір салтына да байланысты екенін анықтадық. Сондықтан қалпына келудің әмбебап рецепті жоқ. Қорытындылай келе, біз әр сарапшыдан созылмалы шаршаудан шығудың өз әдісін ұсынуды сұрадық.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Дамиля Нұғманова өз түсініктемесін бастаған тақырыпқа қайта оралады: созылмалы шаршаумен күресудің ең маңызды бөлігі - сау әрі толыққанды ұйқы.
"Нашар ұйқы - қазіргі заман адамының соры. Ұйқыға дайындық рәсімге айналуы тиіс", - дейді ол.
Сондпай-ақ нақты ұсыныстар береді:
Бірінші. Ұйықтауға бір сағат қалғанда барлық электронды құрылғыны: ұялы телефон, теледидар, айпад, барлық жарқыраған экранды өшіру керек. Көгілдір жарық мидың тынышталып, ұйқыға дайындалуына кедергі келтіреді. WhatsApp, Telegram, Instagram сияқты әлеуметтік желілерді мүлдем пайдаланбау қажет!
Екінші. Тыныштық пен қараңғылық. Ұйқы гормоны - мелатонин түн ортасына дейін толық қараңғылық пен тыныштықта бөлінеді. Терезелерді қалың пердемен немесе жалюзимен жабу керек.
Үшінші. Адам ұйықтайтын бөлмедегі салқындық. Салқын ауа терең ұйқыға ықпал етеді.
Төртінші. Ыңғайлы матрас, көрпе, жастық.
Бесінші. Жатын бөлмедегі таза ауа.
"Менің кеңестерім сіздерге күлкілі әрі орындалмайтындай көрінуі мүмкін, - дейді Дамиля Нұғманова. - Дегенмен, қазіргі заман адамы дәл осындай жағдайда ұйықтауы тиіс".
Осындай жағдайда 8-10 сағат ұйықтағанда, біздің астроциттеріміз жиырылып, ликвордың (жұлын сұйықтығының) еркін ағуына және "шлактарды" шығаруға, күн бойы жиналған бета-амилоидтар мен тау-ақуыздар (Альцгеймер ауруының негізгі себепкерлері) сияқты улы ақуыздарды жуып шаюға мүмкіндік береді. Ұйқы кезінде жақсы жұмыс істеген глиальды жүйе иммундық жүйеге көмектеседі, ал ол жедел, созылмалы барлық аурудан нағыз қорғанысты қамтамасыз етеді.
Мәдениеттанушы Самир Серкебаев кейде адамның өмір сүріп жатқан ортасын өзгертуі шығар жол болуы мүмкін деп санайды. Барлығын тастап, ауылға кету міндетті емес: біреулер үшін шулы көпқабатты үйден қала маңына, бір қабатты үйге немесе адамдар мен көлік тығыздығы аз ауданға көшу күнделікті жүктемені азайтуы мүмкін. Егер мұндай мүмкіндік болмаса - тым болмағанда ақпараттық және әлеуметтік шу аз қала сыртына жүйелі түрде шығып тұру қажет.
Мұның мәні - шаршаған заманауи адам біздің биологиялық мүмкіндіктерімізге қолайлырақ орта табуында. Сондай-ақ адамның бақылау аймағына кірмейтін жаңалықтарға тым эмоционалды түрде берілмеген жөн.
Әлеуметтанушы Татьяна Слабкова былай дейді:
"Жетістікке ұмтылуды жұмыста қалдырыңыз. Егер демалыс қайтадан "дұрыс" орындалуы тиіс жобаға айналса, ол адам демалғысы келетін сол баяғы өнімділік жүйесіне қызмет етуді жалғастыра береді".
Ол үзілісті табыстылықтың міндетті элементі ретінде қабылдауды тоқтатуды ұсынады. Біреуге саяхатқа толы белсенді демалыс керек болса, енді біреуге жай ғана үйде өткізетін бірнеше күн, тыныштық, ұйқы және ешқандай жоспардың болмауы қажет. Бұл - қалыпты жағдай.
Тағы оқыңыз: “Қашан көтересің, жалақың қанша?“ Жастар мен үлкендердің әңгімесі неге жараспайды?
“Әкелердің көбі көре алмай қалатын сәттерге куә болдым“: Қазақстандық ерлер неге декретке шыға бастады?
Қазақстанда “ұят“ ұғымы қалай өзгеріп жатыр?
Авторы: Юлия Колмогорова
Дайындаған: Айнұр Қапышова