Су басу және өрт. Ақсай карьері неге тұрғындардың мәселесіне айналды?
Ақсай карьері көптеген жыл бойы Алматы мен Алматы облысы үшін қиыршық тас пен құм көзі, ал жергілікті тұрғындар үшін мәселелер ошағы болып келеді.
Ол мегаполис шекарасында орналасқан, бірақ аумақтық жағынан Алматы облысының Қарасай ауданына тиесілі. Карьер атауы бойлай ағып жатқан Ақсай өзеніне байланысты қойылған. 1992 жылға дейін нысан Алматы үй құрылысы комбинатының (АҮҚК) құрамында болып, панельді үйлердің құрылысын қиыршық таспен қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта карьердің бір бөлігін рекультивациялау жұмыстары жүргізіліп жатса, басқа учаскелерінде құрылыс материалдарын өндіру жалғасып жатыр.
Осы жазда карьер жаңалықтардан түспеді. Шілденің басында Ақсай өзені жағалауының шайылуы салдарынан карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ опырылып, соның кесірінен Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары уақытша көшірілді. Кейінірек карьердің бір бөлігі техникамен бірге су астында қалды.
Ал тамыздың басында карьер беткейлерінің бірінде өрт шықты - әлеуметтік желілерде өрт бейнеленген видеолар тарап, олардың авторлары тілсіз жауға осында төгілген қоқыс себеп болғанын алға тартты. Оны сөндіруге үш күн уақыт кетті.
Фотоколлаж: Threads желісіндегі @abv_novosti парақшасының видеосынан алынған кадрлар
Tengrinews.kz тілшісі Ақсай карьеріне барып, ондағы қазіргі жағдайды көріп қайтты, сондай-ақ Қарасай ауданының әкімдігіне сұрақтар жолдады.
Ақсай шатқалы
Карьердің бір жағы Алматының Наурызбай ауданындағы Ақжар ықшамауданы шекарасымен өтетін Қилыбай Медеубеков көшесі бойында орналасқан. Екінші жағынан ол Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Жаңатурмыс ауылымен көршілес жатыр, екі ортадағы шекара тура Ақсай өзені бойымен өтеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Ақсай - тау өзені, оның жағалауы тасты келеді. Жандосов көшесіндегі көпірден қарағанда өзен осылай көрінеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Мұндағы топырақ құрылымынан жағалаудың жиі опырылатыны байқалады. Бірақ карьерге дейін әлі біраз жер бар.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Карьердің Жаңатурмыс ауылы жағынан көрінісі
Десе де, карьердің зардабын ең көп тартып отырғандар - Жаңатурмыс ауылының тұрғындары. Шілденің басындағы төтенше жағдай кезінде дәл осы жердегі 11 үйдің отбасы эвакуацияланған болатын.
Нүрпейісов көшесінде орналасқан жергілікті ауылдық дәрігерлік амбулаторияның артқы ауласынан карьер осылай көрінеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Кадрлардан карьердің әлі де жұмыс істеп тұрғаны көрінеді - машиналарға жүк тиеліп жатыр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Ал сол жаққа көз тастасаңыз, шілде мен тамызда су астында қалған карьер бөлігі анық көрінеді. Қазір мұндағы су деңгейі айтарлықтай төмендеген.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Ал мынау - су астында қалған сол баяғы техникалар.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Жаңатурмыс ауылындағы Нүрпейісов көшесі карьерге ең жақын орналасқан. Мұндағы жол тар әрі топырақ төселген.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Кейбір үйлердің ауласы тура карьер жиегінде тұр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бұл учаскелерден көрінетін панорама әдемі болғанымен, қорқынышты да. Біз қарсы бетте болсақ та, карьерде жұмыс істеп жатқан техниканың дыбысы анық естіледі.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Карьердің Ақжар жағынан көрінісі
Ақжар ықшамауданының үйлері карьер жиегінен едәуір алыс орналасқан, бірақ оның жақындығы бұл маңға да өз әсерін тигізіп отыр.
Біріншіден, бұл - тар Қилыбай Медеубеков көшесімен зулап жатқан ауыр жүк көліктерінің толассыз ағыны.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Оның үстіне, қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, соның аясында жалғыз тротуар қазып тасталған. Сондықтан бұл көшеде жаяу жүргіншілерге жүру өте қолайсыз.
Мұнда түнгі уақытта ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылуы тегін емес. Сірә, бұл жергілікті тұрғындардың шуға шағымдануынан кейін болған сияқты.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Екіншіден, көшені бойлай созылып жатқан шексіз қоршау - ол жолдың жүру бөлігіне тым жақын орналасқан, бұл көшені одан сайын тарылта түседі.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
мына қоршаудан құрылыс қоқыстарын қабылдау туралы хабарландыруды көруге болады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Маңайда жүк көліктері көп.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Медеубеков көшесінің төменгі жағындағы карьер қоршауының артына көз салсаңыз, мынадай көрініске куә боласыз: тағы да су астында қалған техника мен тартылып жатқан су көрінеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Сондай-ақ, карьерге қоқыстың қалай төгілетінін де көруге болады. Жүк көліктері беткейдің жиегіне келіп, тиелгеннің бәрін төгеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Тіпті қазірдің өзінде карьерге тек құрылыс қоқыстары ғана емес, басқа да заттардың тасталып жатқаны байқалады. Беткейде ескі диван бөліктері мен ескі жиһаздар жатыр. Фотоға мұқият қарасаңыз, ер адамның "Газель" бортынан автокөлік дөңгелектерін түсіріп жатқанын көруге болады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Тамыздың басында әлеуметтік желілерде тараған кадрларға қарағанда, өрт дәл осы беткейде болған сияқты.
Ал карьердің төменгі бөлігінен көрінісі мынадай.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Жүк көліктерінің бір бөлігі қоқыс төгу үшін дәл осы жерден кіреді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Карьердің төменгі бөлігі: рекультивация жұмыстары
Карьердің төменгі бөлігі Медеубеков көшесімен бөлінген. Қазір бұл аймақ толығымен дерлік көмілген. 2024 жылы карьердің бұл тұсы мынадай болатын:
Фото: "Яндекс Картадағы" 2024 жылғы панорамадан скриншот
Ал 2026 жылы мұнда барлық жерде дерлік тегіс беткей пайда болды. Дегенмен ауыр техника әлі де жерді тегістеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Төтенше жағдайдың себептері: әкімдік нұсқасы
Tengrinews.kz редакциясы биылғы шілдеде Ақсай карьерін неге су басқанын білу үшін Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің аппаратына ресми сауал жолдады. Белгілі болғандай, бәрі 1 шілдеде басталған, бірақ бұл туралы БАҚ пен әлеуметтік желілерде бір күннен кейін ғана айтыла бастады.
"2026 жылғы 1 шілдеде Райымбек ауылдық округінің Жаңатұрмыс ауылында жауын-шашынның көп түсуіне байланысты Ақсай өзеніндегі су шығыны нормативті 2,7-ден секундына 6,5 текше метрге дейін күрт өсті. Өзендегі су деңгейінің шекті мөлшерден көтерілуі салдарынан табиғи топырақ шайылып, өзен арнасы оңға қарай - карьер шұңқырына қарай ығысқан", - делінген шенеуніктер жауабында.
Осы ағын су карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақтың жылжуына себеп болды, содан кейін жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланып, Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары эвакуациялана бастады. Әкімдік мәліметінше, осыдан кейін бірден "жою, авариялық-қалпына келтіру және алдын алу іс-шаралары", сондай-ақ Ақсай өзенінің арнасын тереңдету және нығайту жұмыстары басталған.
"2026 жылғы 2 шілдеден бастап мердігер ұйым "Болашақ С Құрылыс" ЖШС тасқынға қарсы алдын алу шараларын жүргізіп, ТЖ салдарын жоюмен айналысып жатыр. Есеп беру күніне сәйкес, мердігер күшімен келесідей күрделі жұмыстар атқарылды: қорғаныс дамбасының негізін нығайту үшін ауқымды үйінді жұмыстары жүргізілді, оның ұзындығы 82 метр, биіктігі 15 метр болды. Конструкция жоғары төзімділік деңгейінде орындалған: жоғарғы ернеуінің ені 20 метр, төменгі табаны 35 метр. Арнайы техникамен өңделген және тасымалданған топырақтың жалпы көлемі шамамен 125 000–130 000 текше метр болды", - деп мәлімдеді әкімдік.
Шенеуніктер бұл жұмыстардың қанша тұрғанын айта алмады. Олардың сөзінше, қаражат жергілікті ауқымдағы ТЖ жою аясында төтенше резервтен бөлінген. Сондықтан шығындардың қорытынды аудиті барлық процедура аяқталғаннан кейін қалыптастырылады.
Сондай-ақ тұрғын үйлердің жанында қазба жұмыстарын жүргізу қаншалықты заңды екенін, сонымен қатар осы аймақта үйлердің салынуы қаншалықты құқықтық негізде болғанын сұрадық. Жауап мынадай болды:
"Карьердің санитарлық-қорғау аймағы (СҚА) жанындағы қазба жұмыстарының заңдылығы мен жер учаскелерін бөлудің құқықтылығын жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкілетті органдар тексеріп жатыр".
Әкімдік карьердегі өрт туралы не дейді?
Қарасай ауданы әкімдігі мәліметінше, 3 тамызда таңертең ерте карьерде жалпы ауданы 0,1 гектар болатын қатты тұрмыстық қалдықтар өртенген. Өртсөндірушілер "құрылыс қалдықтарын сөндіру, ашу, қабат-қабаттап бөлшектеу, су шашу және кейіннен топырақпен көму" жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ біз әкімдікте карьерге қоқыстың заңсыз тасталуы туралы ақпарат бар-жоғын сұрадық. Оған былай деп жауап берді:
"Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың иелігінде үшінші тұлғалардың карьер аумағына қоқысты заңсыз тастау деректерін растайтын немесе жоққа шығаратын ресми ақпарат жоқ. Сонымен қатар, 2026 жылғы 3 тамызда тіркелген 0,1 гектар аумақтағы қатты тұрмыстық қалдықтардың өртену дерегі бойынша аудан әкімдігі тиісті тексеру жүргізу және бұл қалдықтардың пайда болу мән-жайларын анықтау үшін уәкілетті табиғат қорғау және құқық қорғау органдарына сұрау салуға бастамашы болды".
Сондай-ақ аудандық әкімдік бұл аумақтағы экологиялық жағдай жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында екеніне сендіреді. Және кез келген ықтимал заңбұзушылық деректері бойынша материалдар мемлекеттік ден қою шараларын қабылдау үшін Алматы облысы бойынша Экология департаментіне жедел түрде жолданады.
Карьер кімге тиесілі?
Сонымен қатар редакция Қарасай ауданы әкімінің аппаратына Ақсай карьерінің аумақтары кімнің меншігінде екені туралы сауал тастады. Бірақ әкімдік тек Медеубеков көшесі мен Абай даңғылы арасында орналасқан, кадастрлық нөмірі 03-047-422-3999 болатын карьердің бір учаскесі туралы ғана айтты.
Фотоколлаж: сол жақта - ЖМБМК кадастрлық картасы, оң жақта - Яндекс Картаның спутниктік түсірілімі
Қазір дәл осы учаске толығымен дерлік көмілген, ал топырақтың опырылуы, су басу және өрт оқиғалары басқа кадастрлық нөмірлері бар учаскелерде болған.
"Бұл жер учаскесі "МП КАРЬЕР" ЖШС-нің жеке меншігінде. Мемлекеттік құқықтық кадастрдың ресми тіркеу деректеріне сәйкес, жер учаскесінің нысаналы мақсаты - карьерді рекультивациялау және жою жұмыстарын жүргізу. Меншік иесінің экологиялық регламенттерді сақтауын бағалау уәкілетті Экология департаментінің ерекше құзыретіне жатады", - деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Әкімдіктің қателескенін немесе әдейі учаскелердің бірін ғана атап өткенін айту қиын. Дегенмен, 2 шілдеде Қарасай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақтың жылжуы мүлдем басқа компания аумағында болғанын хабарлаған еді, атап айтқанда - "Ақсай карьері" ЖШС. Сұрауға берген жауабында әкімдіктің неге бұл компания мен карьердің басқа учаскелерін атап өтпеуді жөн көргені бізге беймәлім.
Фото: gov.kz
Ақсай карьері аумағында тағы кімдер жұмыс істейді?
Ақсай карьерімен айналысатын компанияларды анықтау үшін Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының (ЖМБМК) жария кадастрлық картасына жүгіндік.
Ол жерден кадастрлық нөмірі 03-047-422-3999 болатын учаскенің "МП КАРЬЕР" ЖШС-нің жеке меншігінде емес, "өтеулі қысқа мерзімді уақытша жер пайдалануда" екенін білдік. Ал оның ауданы 13,7 гектар болады.
Бұдан бөлек, Ақсай карьері кадастрлық нөмірлері әртүрлі тағы төрт учаскеге бөлінген.
Фотоколлаж: сол жақта - ЖМБМК кадастрлық картасы, оң жақта - Яндекс Картаның спутниктік түсірілімі
Мәселен, ЖМБМК картасына сәйкес, кадастрлық нөмірі 03-047-422-128 "УПТК" АҚ-на тиесілі. Алайда, егер қазір бұл акционерлік қоғамның БСН-ін EGOV базасы арқылы тексерсе, оның серіктестік болып қайта құрылғанын және атауының өзгергенін көруге болады. Қазір ол - "ВИМЕА" ЖШС.
12,6 гектарлық бұл учаске де өтеулі қысқа мерзімді уақытша жер пайдалануда. Ал оның нысаналы мақсаты - "сертификатталмаған құрылыс материалдарын өндіру (малтатас-қиыршықтас қоспасы кен орнын игеру)".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
"ВИМЕА" ЖШС құрылтайшыларына үңілсек, мұнда біршама ұзын әрі күрделі тізбектің ұшы шығады. "ВИМЕА" ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы - "Elite Elegance" ЖШС. Өз кезегінде бұл компанияның құрылтайшылары - "Жизнь высокого уровня" ЖШС және ашық дереккөздерде ол туралы ешқандай қосымша ақпарат жоқ белгілі бір жеке тұлға.
Ал "Жизнь высокого уровня" ЖШС-нің де өз құрылтайшысы бар - ол "Минь Чэн Вэй Е" Шыңжаң сауда компаниясы ЖШҚ. Ашық дереккөздерден бұл компанияның қытайлық тамыры бар екенінен басқа ештеңе табу мүмкін болмады.
Өз кезегінде кадастрлық нөмірі 03-047-422-3929 болатын тоғыз гектарлық су басқан учаскемен расымен де "Ақсай карьері" ЖШС айналысады. Бұл жағдайда компанияның жері шынымен де жеке меншік құқығында. Ал оның нысаналы мақсаты - өндірістік базаны орналастыру және 2027 жылғы 16 қаңтарға дейінгі мерзімге құм-қиыршықтас қоспасын өндіру үшін берілген. Одан кейін бұл учаскенің тағдыры не болатыны әзірге белгісіз.
"Ақсай карьері" ЖШС құрылтайшыларының арасында алты адам бар, олардың аты-жөнін ашық дереккөздерден іздегенде ешқандай нәтиже болмады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бұл компанияға Ақсай карьерінің кадастрлық нөмірі 03-047-422-3384 болатын ең жоғарғы бөлігі де тиесілі. Бұл - 40 гектар болатын ең үлкен учаске. ЖМБМК сайтында оның "өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі мұқтажы, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлер" санатына жататыны көрсетілген. Бұл ретте жердің қазіргі нысаналы мақсаты - "демалыс аймағын орналастыру үшін".
Ақсай карьеріндегі кадастрлық нөмірі 03-047-422-139 болатын тағы бір 11 гектарлық учаске де "өтеулі қысқа мерзімді уақытша жер пайдалануда". Алайда оның құқық иеленушісі ЖМБМК сайтында көрсетілмеген. Жердің нысаналы мақсаты - "құм-қиыршықтас қоспасын өндіруді жүргізу үшін". Бұл ретте, "Ақсай карьері" ЖШС учаскесіндегідей, игеру мерзімдері жазылмаған.
Ақсай карьеріне қатысты бұрыннан келе жатқан сауалдар
Жергілікті тұрғындардың Ақсай карьерімен іргелес тұруға қатысты шағымдары БАҚ беттерінде бірнеше рет жарияланған. Соның бірінде, 2021 жылдың аяғында Kazakhstan Today ақпараттық агенттігі жазған. Онда Ақжар тұрғындарының шаң-тозаңға, жағымсыз иіс пен жүк көліктерінің шуына қатысты шағымдары айтылған. Сол кезде "МП Карьер" заңгері Серікжан Ибадулаевтың да ұстанымы келтірілген еді.
"5–10 жылдан кейін біз оны [карьерді] қоқыспен толық толтырып, жабуымыз керек. Мұнда тұрмыстық қоқыс әкелінбейді, бірақ қайта өңдеу жоқ, біз әр қапшықты қадағалай алмаймыз, бәрін көмеміз", - деген заңгердің сөздері жарияланымда дәйексөзге алынған.
2022 жылдың сәуірінде карьер төңірегіндегі жағдайды КТК телеарнасы көтерді. Ол кезде журналистер сюжетке мынадай тақырып таңдаған еді: "Алматы облысы: Күн сайын ұлғайған карьер үйлерге қауіп төндіруде". Карьерде қауіпсіздік техникасы ережелері де, санитарлық нормалар да бұзылып жатқаны айтылды. Ал жергілікті тұрғындар жер сілкінісі болса, үйлеріміз сайға құлап кетеді деп қауіптенген.
Сондай-ақ телесюжетте "Ақсай карьері" ЖШС бас технологы Анатолий Грошенковтың ұстанымы ұсынылды. Ол өлшеулер мен тексеру актілеріне сәйкес шу деңгейінің ешқандай асып кетуі тіркелмегенін алға тартты.
Сонымен қатар, ЖШС өкілдері айналада тұрғын үйлер болмаған кезде жұмыс істей бастағандарын алға тартты. Қалыптасқан жағдайға компания құрылыс үшін жер телімдерін берген билікті кінәлады. Шенеуніктер болса, өз кезегінде мәселені шешуге және кезекті тексеру жіберуге уәде берді. Сондықтан да біз әкімдікке тиісті сауалдарды жолдаған болатынбыз.
Бұл ретте 2022 жылдың маусым айында-ақ "Информбюро" басылымы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, "тұрғындардың мегаполис әкімі Ерболат Досаевқа шағымынан кейін, Алматы облысында қаланың Наурызбай ауданымен шекарасындағы карьерді игеру жұмыстары тоқтатылды" деп хабарлаған еді. Карьер жұмысын тексеру барысында заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды деп айтылған болатын.
"Алматы әкімдігі мен Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігі карьерлерді қазу үшін жер телімдерін тиісті қашықтықты сақтамай, кемінде 500 метрлік санитарлық қорғау аймағын ескермей бергені белгілі болды. Алматы қаласы әкімдігінің өтініші бойынша Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырған карьер жұмысын тексеру барысында қолданыстағы заңнама талаптарының бұзылуы расталды", - делінген жарияланымда.
Наурызбай ауданымен шекарадағы карьерді игерумен үш фирма айналысқаны атап өтілді: екі кәсіпорын жұмысын тоқтатып, қазіргі уақытта таратылу сатысында, ал үшінші компания жұмысын уақытша тоқтатқан.
Дегенмен, көріп отырғанымыздай, қазіргі уақытта карьерде жұмыс әлі де жалғасып жатыр және Қарасай ауданы әкімдігінің жауабына сүйенсек, олар бұдан ешқандай мәселе көріп тұрған жоқ.
Авторы: Никита Данилин
Аударған: Дина Шәріпхан