Добавить новость
World News in Kazakh
Новости сегодня

Новости от TheMoneytizer

“Біз мұнда кімбіз?“ Астанадағы төрт тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылдап құжатсыз тұрып жатыр

Астанада ресми түрде пайдалануға берілмегенімен, адамдар бірнеше жылдан бері тұрып жатқан бірқатар тұрғын үй кешені бар. Сөз "Запад", "Восток", "Феникс" және "Басқару-4" ТҮК-тері туралы болып отыр. Соңғысы туралы арнайы репортаж да дайындаған едік.
Олардың тағдыры бір-біріне ұқсас: үйлер салынған, пәтерлер брондау шарты арқылы сатылған, кілттері берілген. Бірақ сатып алушылар баспананың заңды иесі емес, мұнда тіркеле алмайды, тіпті жақын маңдағы емханаға, балабақша мен мектепке тіркелу мүмкіндігі де жоқ. Тengri Нome тілшілері барлық осы проблемалы ТҮК-тердің артында бір адам тұруы мүмкін деген мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Бұл репортаждың видеонұсқасын біздің Tengri TV YouTube-арнамыздан көре аласыздар:
Астанадағы "Басқару-4" тұрғын үй кешенінде қазір не болып жатыр?
Бұған дейін біз елордадағы проблемалы ТҮК-тердің бірінің тарихын айтқан болатынбыз: "Сүріп тастау қаупі болды". Астанадағы атышулы "Басқару-4" тұрғын үй кешенінің халқы қалай тұрып жатыр? Қысқаша айтқанда: Қалдаяқов көшесі, 24 мекенжайындағы тұрғын үй кешені бірнеше жылдан бері пайдалануға берілмей келеді. Себебі - үй астындағы жер телімдері үшінші тұлғаларға тиесілі.
Мақала жарияланған соң үй белсенділері бізге хабарласып, құрылыс салушының өкілі - Розмат Әлібеков есімді азаматтың қамауға алынғанын айтты. Тұрғындар оны босатуды талап етіп, қол жинай бастады. Міне, сол хат:
Суретті "Басқару-4" ТҮК тұрғындары ұсынды
Полиция бұл ақпаратты растады.

"Аталған дерек бойынша Астана Полиция департаменті Сарыарқа ауданының полиция басқармасы соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 7 тамызда қаланың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктіге қатысты екі ай мерзімге "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасын санкциялады", - деп хабарлады Астана ПД редакция сауалына берген жауабында.

Астанадағы "Басқару-4" ТҮК-і. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Басқару-4" тұрғын үй кешенін "Bascar U" ЖШС салған. Компаниялар мен кәсіпкерлердің сенімділігін тексеруге арналған Кompra.kz сервисі мәліметінше, фирма 2020 жылы тіркелген.
Bascar U-дың үстінен көптеген сот ісі қозғалған, банк шоттары мен мүліктеріне тыйым салынған. Компания 2021 жылдан бері жалпы сомасы бес миллион теңгеден сәл ғана асатын салық төлеген.
Bascar U ЖШС-нің салық аударымдары. Kompra.kz сайтынан алынған скриншот
Кompra.kz-тің "Bascar U" ЖШС туралы есебінде Розмат Әлібеков туралы дерек жоқ. Сондықтан оның компанияға қандай қатысы бар екенін немесе мүлдем қатысы бар-жоғын анықтау мүмкін болмады.
"Басқару-4" туралы репортаж жарияланғаннан кейін бізге маңайдағы тағы үш тұрғын үй кешені - "Запад", "Восток" және "Феникс" туралы белгілі болды. Онда да мәселе сол: тұрғындар кілттерін алып, үйлерге қоныстанған, бірақ ғимараттар әлі пайдалануға берілмеген. Ең қызығы: бұл кешендерді әртүрлі ЖШС салғанына қарамастан, тұрғындар мен шенеуніктер оларды бір ғана адаммен байланыстырады.
Астанадағы "Запад" және "Восток" тұрғын үй кешендері. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Астанадағы "Запад" тұрғын үй кешені: басты мәселе - құжаттардың жоқтығы
Сырт келбеті жағынан екі ТҮК те "Басқару-4"-ке қатты ұқсайды, тек мұнда паркингтер бар. Бірақ жалпы алғанда, бір типтік жоба қолданылғандай әсер қалдырады.
"Запад" ТҮК-і Нәжімеденов көшесі, 17 мекенжайында орналасқан, құрылыс салушы - "Building construction 2030" ЖШС. Мұнда бізді жергілікті белсенді Жанат Әбілдин қарсы алды. Ол қордаланып қалған түйткілдерді баяндап берді:

"Үй 2021 жылы салынды. Алғашқы кілттер де сол кезде беріле бастаған болуы керек. Көбіне жөндеу жұмыстарын бастау үшін 2022 жылы берілді. Брондау шарттары жасалды. Әрине, басында бәрі кілт алғанына қуанды. Бірақ міне, төрт жыл өтті, ал пәтерлеріміздің құжаты әлі жоқ. Ұзақ уақыт бойы коммуналдық қызметтерді заңды тұлға ретінде төлеп келдік. Кездесулер мен тексерістерден кейін жеке тұлға ретінде төлеуге рұқсат алдық. Соған да шүкір".

Жанат Әбілдин. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Оның айтуынша, құрылыс салушы паркингті бизнеске - детейлинг-орталық ашуға беріп жіберген.
Паркингтің орнына - детейлинг-орталық. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Пәтер сатып алушыларға балабақша болады деп уәде етілген іргелес ғимаратта, тұрғындардың айтуынша, соңында жатақхана ашылған.
Бұл ғимаратта ТҮК тұрғындарына балабақша ашуға уәде берілген болатын. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Біз Жанат Серікұлымен сөйлесіп тұрғанда, қасымызға өзге тұрғындар да жинала бастады. Олар да өз пікірлерін білдірді.

"Біздің отбасы пәтерді 2021 жылы бүкіл сомасын бірден төлеп сатып алды. 2022 жылы көшіп келдік. Әлі күнге дейін құжат жоқ. Тіпті тіркеле де алмаймыз. Туыстардан өз үйлеріне тіркеуді өтініп жүрміз. Ал менің төрт балам бар. Жақында ғана балаларымды жақын маңдағы мектепке беруге рұқсат етті. Оған дейін олар әртүрлі мектептерге барып жүрді", - деп шағымданды ТҮК тұрғыны Ерқанат.

Ерқанат, "Запад" ТҮК тұрғыны. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Әр қыс сайын бізде құбырлар жарылып, су басады. Оны (құрылыс салушыны - редакция ескертпесі) мұның бәрін ретке келтіруін сұраудың өзі үлкен машақат. Кіреберісте де, пәтерлерде де су ағады. Бұл құбырлардың барлығы не сапасыз материалдан жасалған, не әбден тозған. Ал мұның бәрін жөндеп, ауыстыратын МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) бізде жоқ. Бірақ біздің басты мәселеміз - құжаттардың жоқтығы", - деп қосты Ерқанаттың көршісі Зәуреш.

Тұрғын үй кешенінің тұрғыны Зәуреш. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Үй пайдалануға берілмейінше МИБ құру мүмкін емес. "Басқару-4" ТҮК-інде де жағдай осындай. Соның салдарынан көптеген қиындық туындап отыр, соның ішінде кіреберістерді жинау мәселесі де бар. Жанат Әбілдиннің айтуынша, құрылыс салушы өкілі ай сайын техникалық персонал жалдау үшін аз ғана сома бөледі, оны тұрғындар барлық кіреберіске бөліп береді.

"Амал жоқтан осы 90 мың теңгені алуға тура келді. Кейін мен бұл ақшаның жетпейтінін айттым. Олар қосып, енді 120 мың аударып жүр. Бірақ осы айда тек 60 мың берді. Ақша әр кіреберісті айына екі рет жууға ғана жетеді. Аулада ештеңе істей алмаймыз, бәрі қирап жатыр", - деп кейіді Жанат Әбілдин.

"Запад" ТҮК-індегі балалар алаңы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Белсенді өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды сұрады. Кіреберістерде өрт сөндіру жеңдері мен өрт сөндіргіштері бар қалқандар жоқ.
"Запад" ТҮК-індегі кіреберіс. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Алты кіреберістің төртеуінде өрт бола қалған жағдайда сыртқа шығатын эвакуациялық жол жоқ. Біз астыңғы қабатқа түсіп, тексеріп көрдік. Бұл жерден техникалық дәліздер арқылы дүкендерге баруға болады.
"Запад" ТҮК-інің нөлінші қабаты. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бірінші және екінші кіреберістер нөлінші қабаттағы бір техникалық дәліз, екінші және үшіншісі - басқа дәліз, ал төртінші мен бесіншісі - соңғы дәлізбен жалғанған.
"Запад" ТҮК-інің нөлдік қабаты. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Тек бірінші және екінші кіреберістердің дәлізінде ғана эвакуациялық шығу жолы бар. Жанат Әбілдин өрт шыққан жағдайда адамдар осы жаққа қарай жүгірсе, сыртқа шыға алмай қала ма деп қауіптенеді.
"Запад" ТҮК-інің нөлдік қабаты. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Белсенді бізге басқа да кемшіліктерді көрсетті. Мысалы, пандусқа шығар жол тым тік, тұрғындардың айтуынша, онда бірнеше рет апат болған.
Пандустың тым тік жолы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіш бар, бірақ белсендінің айтуынша, ол қолданылмайды: арба бұл лифттің ішіне сыймайды.
Мүгедектігі бар жандарға арналған лифт. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Десе де, тұрғындарды мазалайтын басты мәселе - тұрғын үй кешені неге пайдалануға берілмей жатыр.

"Бізге қандай да бір қарыздар туралы айтты, тұрғындар құрылыс салушыға коммуналдық қызметтер үшін қарыз екен-мыс. Ақырында олай болмай шықты. Мәселе жерге тіреліп тұр екен. Үй заңсыз салынған. Біздің үйдің астында жеті учаске бар. Олар мәселені шешкенше, бізде құжат болмайды", - деп түйіндеді Жанат Әбілдин.

Астанадағы "Запад" ТҮК-і. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бұл ақпаратты Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы растады.

"Коммуналдық қызметтер тарапынан арест қойылған. Жер учаскесіне құқық рәсімделмеген. Құрылыс салушының мәліметінше, жеті саяжай учаскесі мемлекет меншігіне өтпеген", - деп түсіндірді мемлекеттік органдағылар.

Құрылыс салушы келесі жайттар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған:

жерге тиісті құқығы болмай тұрып, тұрғын үй нысандарын заңсыз салу;
рұқсатсыз іс-әрекеттерді жүзеге асыру;
заңды түрде пайдалануға берілмеген нысанды пайдалану.

Қазіргі уақытта жер құжаттары әлі де рәсімделмеген.

"Бұл "елес үй" деуге болады. ЖШС-лер әртүрлі болғанымен, "Восток", "Запад", "Басқару-4" және "Феникс" тұрғын үй кешендерінің иесі бір адам", - деді Жанат Әбілдин өз ойын білдіріп.

Астанадағы "Запад" ТҮК. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Кompra.kz сервисінің есебіне сәйкес, "Building construction 2030" ЖШС 2021 жылдың қаңтарында ашылған. Бес жылдық жұмыс ішінде компания бюджетке бар болғаны бір миллион теңгеден сәл ғана асатын салық төлеген. Есепте сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар, банк шоттардың бұғатталуы туралы айтылады.
Астанадағы "Восток" тұрғын үй кешені: заңды тұлғаның коммуналдық қызмет бойынша қарыздары
Көршілес "Восток" ТҮК-іне (Нәжімеденов көшесі, 19) де тұрғындар осыдан төрт жыл бұрын қоныстана бастаған. Құрылыс салушы - "East 2021" ЖШС.
Астанадағы "Восток" ТҮК. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Жергілікті тұрғындар бізге паркинг пен кіреберістерді көрсетті.
Астанадағы "Восток" ТК паркингі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Астанадағы "Восток" ТК кіреберісі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бұл үй де ұзақ уақыт бойы пайдалануға берілмей келеді. Мұндағы жағдай "Запад" және "Басқару-4" тұрғын үй кешендеріндегідей: пәтерлерге меншік құқығы жоқ және үйге тиісті деңгейде қызмет көрсетілмейді, өрт қауіпсіздігі мен коммуналдық төлемдерге қатысты мәселелер, сондай-ақ құрылыс ақаулары бар.
Астанадағы "Восток" ТК электр қалқаны. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Астана МСҚБ басқармасы мәліметінше, "Восток" ТК құрылыс салушысына әлі 2021 жылы мынадай заңбұзушылықтарды жою міндеттелген:

белгіленген тәртіппен сараптамадан өтпеген жобалық құжаттамасыз нысан салу;
жерге тиісті құқығы болмай тұрып заңсыз құрылыс жүргізу;
құрылыс-монтаждау жұмыстары туралы хабарлама бермей нысан салу;
техникалық және авторлық қадағалаусыз құрылыс жүргізу.

Астанадағы "Восток" ТК ауласы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Бүгінде тапсырыс беруші барлық рұқсат құжатын алды. "East 2021" ЖШС-нің коммуналдық қызметтер алдындағы берешегіне байланысты нысанға тіркеу әрекеттерін жасауға шектеу қойылған. Нысанды пайдалануға беру үшін тыйымды алып тастау мақсатында қарызды өтеу қажет", - деп нақтылады басқармадағылар.

Қысқасы, жалғыз мәселе - коммуналдық қызметтерге қарыз болып тұр.

"Кейбір адамдар пәтер құжаттарын күте алмай, өмірден өтіп кетті. Пәтерлерін сутегінге сатып, көшіп кетіп жатқандар да бар. Мүлдем бейберекетсіздік, ешқандай жөндеу жүргізілмейді, өйткені МИБ (ОСИ) жоқ", - деді "Восток" ТК тұрғыны Зейнеп Коршунова.

Зейнеп Коршунова. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов

"Бізге коммуналдық қызметтерге қарызымыз бар екенін айтады. Бірақ үйді пайдалануға берсе болады ғой, сонда адамдар пәтер құжаттарын алуға келе бастайды. Қарызы барларға оны өтегенше құжат бермей қою керек. Бұл олар үшін қарызды төлеуге ынта болар еді. Біздің сұрағымыз: біз мұнда кімбіз? Біз бұл пәтерлер үшін ақша төледік. Қолма-қол есеп айырыстық. Бұл біздің жан айқайымыз бен мұңымыз. Төрт жыл өтті, ал біз әлі күнге дейін "аспанда салбырап тұрмыз", - деп қосты ТК-нің тағы бір тұрғыны Лиза Садықова.

Үй пайдалануға берілмегендіктен, ғимарат құрылыс салушыға, яғни заңды тұлғаға тиесілі болып саналады. Соған сәйкес, коммуналдық қызмет тарифтері де компанияларға арналған бағамен есептеледі, ал ол жеке тұлғаларға қарағанда жоғары. Жеке тұлға ретінде келісімшарт жасасуға рұқсат берілгенше, осы ТҮК тұрғындарының көбі коммуналдық қызметтерді төлеуден бас тартқан, бұған осы тариф айырмашылығы себеп болған.
Лиза Садықова. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"East 2021" ЖШС де 2021 жылы тіркелген. Бес жыл ішінде компания бір жарым миллион теңгеге жуық салық төлеген. Олардың банк шоттары мен мүліктеріне де тыйым салынған.
"Феникс" ТК: сол баяғы мәселелер, сол баяғы байланысушы тұлға
Репортажымыздағы соңғы нысан - Е538 және Е669 көшелерінің қиылысындағы "Феникс" тұрғын үй кешені. Құрылыс салушы - "Альфа-Строй 2021" ЖШС.
Астанадағы "Феникс" тұрғын үй кешені. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Жоба сырттай алдыңғы кешендерден ерекшеленгенімен, мәселесі сол баяғы: тұрғындар 2024 жылы қоныстанған, жерге ешқандай ауыртпалық салынбағанына қарамастан, пайдалануға беру актісі жоқ.

"Жер учаскесі "Альфа-Строй 2021" ЖШС-нің 2029 жылғы 16 наурызға дейінгі жалдау құқығында. Нысанды пайдалануға беру актісі жоқ", - деп хабарлады Астана қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы.

"Феникс" ТК ауласы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Шенеуніктер үйді қабылдаудың не себепті кешігіп жатқанын нақтыламады, тек ТК-ге электр жарығы уақытша желі арқылы берілгенін, бірақ болашақта салынып жатқан электрмен жабдықтау нысанына тұрақты схема бойынша қосылатынын айтты.
Айтпақшы, 2026 жылдың қаңтарында "Феникс" ТК тұрғындары Астана әкімі Жеңіс Қасымбекпен онлайн кездесу өткізген болатын (видео редакция иелігінде бар). Сол кезде шенеуніктер құрылыс салушының өкілі Розмат Әлібековтің "Феникс" және "Басқару-4" кешендеріне қатысы бар екенін айтқан еді.
Бұл ақпаратты растау үшін біз барлық тұрғын үй кешені құрылыс салушысының өкілінен түсініктеме алуға тырыстық. "Восток" ТК тұрғындарының адвокаты түсіндіргендей, ол "Басқару-4" жағдайындағы тұлғамен бір адам. Алдыңғы материалда ол бізге жер мәселесіне қатысты пікір білдіріп, қалған сұрақтарды жауапсыз қалдырған болатын.
"Феникс" ТҮК. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бұл жолы да біз оған "Запад", "Восток" және "Феникс" кешендері бойынша хабарластық, бірақ ол бірде-бір хабарламаға жауап берген жоқ. Біз әрқашан барлық тарапқа сөз сөйлеуге мүмкіндік береміз, бірақ бұл тұрғын үй кешендеріне келгенде құрылыс салушы тарап бұл мүмкіндікті пайдаланбады.
"Феникс" ТҮК. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Осы тұрғын үй кешендерінің тұрғындары жуырда пәтер құжаттарын алып, олардың толыққанды иесі атанады деп сенгіміз келеді. Бірақ бұл жағдайдың қашан болатыны әлі белгісіз.
Авторлары:  Иван Сухоруков, Роман Павлов
Аударған: Дина Шәріпхан

Читайте на сайте


Smi24.net — ежеминутные новости с ежедневным архивом. Только у нас — все главные новости дня без политической цензуры. Абсолютно все точки зрения, трезвая аналитика, цивилизованные споры и обсуждения без взаимных обвинений и оскорблений. Помните, что не у всех точка зрения совпадает с Вашей. Уважайте мнение других, даже если Вы отстаиваете свой взгляд и свою позицию. Мы не навязываем Вам своё видение, мы даём Вам срез событий дня без цензуры и без купюр. Новости, какие они есть —онлайн с поминутным архивом по всем городам и регионам России, Украины, Белоруссии и Абхазии. Smi24.net — живые новости в живом эфире! Быстрый поиск от Smi24.net — это не только возможность первым узнать, но и преимущество сообщить срочные новости мгновенно на любом языке мира и быть услышанным тут же. В любую минуту Вы можете добавить свою новость - здесь.




Новости от наших партнёров в Вашем городе

Ria.city
Музыкальные новости
Новости России
Экология в России и мире
Спорт в России и мире
Moscow.media






Топ новостей на этот час

Rss.plus





СМИ24.net — правдивые новости, непрерывно 24/7 на русском языке с ежеминутным обновлением *