Павлодарда ер адам қайнап тұрған суы бар шұңқырға түсіп кеткен: оған өтемақы төленді
Павлодарда ер адам қайнап тұрған суы бар шұңқырға құлап кетті, оқиғаға қатысты жауапкершілікті жергілікті жылу желілері мекемесі өз мойнына алды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, бұл жазатайым оқиға қала тұрғындарын шошытқан. Ер адам төрт жасар баласымен серуендеп жүріп, кенеттен жер астына түсіп кеткен. Ол денесінің жеті пайызын күйік шалып, қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауырлық дәрежесінде деп бағалап отыр. Бала аман қалды.
Жылу желілерінің басшылығы болған жайт үшін жауапкершіліктен қашпайтынын мәлімдеді. Оған жылу трассасындағы құбырдың жарылуы себеп болған. Төтенше жағдай болған учаске соңғы рет 15 жыл бұрын жөнделген. Материалда қазір ол жер қайта жамалып, құммен толтырылғаны айтылды.
Зардап шегушіге өтемақы төленді. Оның нақты сомасы көрсетілмеген, бірақ кәсіпорын директорының айтуынша, ер адамның ешқандай шағымы жоқ.
Десе де, телеарна тілшілері жергілікті тұрғындар әлі де мазасыз екенін айтады. Қаладағы желілердің тозуы 87 пайызды құрайды. Жазда жүйеге 65 градус, ал қыста 110 градусқа дейін ыстық су беріледі.
"Бізде жылу желілерінің ұзындығы, тармақтарды қосқанда, 400 шақырымнан асады. Жер астында жатқан құбырдың бәрін қадағалау мүмкін емес, ол жерде тексеруші күн сайын аралап, құбырдың жай-күйін көріп, шара қолданатын арнайы канал жоқ. Бұған ешкім кепілдік бере алмайды. Қазіргі таңда осы мәселеге қатысты барлық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз", - деп түсіндірді өз кезегінде "Павлодар жылу желілері" ЖШС директоры Анатолий Моисей.