Алматы көшелерінде ерекше құс көзге түсті
Алматы көшелерінен ерекше құс таспаға түсіп қалды. Қала тұрғындары видеодағы құс сирек кездесетін азиялық тауқұдіреті болуы мүмкін деп топшылады. Tengri Life кадрларды орнитологқа көрсетіп, қала ішінде шын мәнінде кімнің көзге түскенін анықтады.
Алматыдағы ерекше кездесу
Видеоны Алматы тұрғындарының бірі бөлісті. Оның айтуынша, ол құсты Қарасай батыр мен Манас көшелері қиылысында түсіріп алған.
"Алматыда жаңа дүие! Қарасай батыр - Манас", - делінген видео сипаттамасында.
Скриншот: Threads
Жарияланымнан кейін қолданушылар бұл қандай құс екенін талқылай бастады. Көбісі оны сирек кездесетін азиялық тауқұдыреті деп болжады.
Орнитолог не дейді?
Біз көмек сұрап орнитолог Виктория Ковшарьға жүгіндік. Оның айтуынша, кадрларда тауқұдіреті тұқымдасына жататын құс болуы әбден мүмкін. Солай бола тұра, маман видеоға қарап құстың түрін нақты анықтауға асықпады.
"Бұл нақты қай тауқұдіреті туысы екенін айту қиын. Оны кім бірден азиялық тауқұдіреті деп танығанын білмеймін. Жалпы, азиялық тауқұдіреті - өте сирек кездесетін құс. Дегенмен оның қала ішінде пайда болуы әбден мүмкін", - деді орнитолог.
Сонымен қатар Виктория видеоны тәжірибелі дала орнитологы Федор Карповқа көрсеткенін айтты. Оның пікірінше, жазбадағы құс қарапайым мамырқұс болуы ықтимал.
Азиялық тауқұдіретін кездестіру мүмкін бе?
Қала ішінде азиялық тауқұдіреті кездестіру екіталай болғанымен, мұндай мүмкіндікті толықтай жоққа шығаруға болмайды.
Виктория Ковшарьдың айтуынша, кейбір тауқұдіреттер қоныс аудару кезінде қала үстімен ұшып өтеді. Көбіне олар құрылысы көп жерлерді айналып өтуге тырысады, бірақ кейде құстар өздеріне беймәлім жерлерге тап болып жатады.
Бұл әсіресе түнгі қоныс аудару кезінде, құстың жолында таң атып қалған жағдайда болуы мүмкін.
"Мәселе мынада, көптеген тауқұдіреттер қала арқылы ұшады, оны айналып өтуге тырысқанымен, әрқашан сәтті бола бермейді. Оның үстіне мамырқұстар көбіне тау бөктерімен ұшады. Бұлар - түнгі мигранттар, сондықтан олар таң атқанда немесе күндізгі уақытта өздеріне тән емес орындарда қалып қоюы мүмкін", - деді Ковшарь.
Орнитологтың айтуынша, Алматыда тауқұдіреттің кездесуі таңсық дүние емес. 1988 жылы жарық көрген "Алматы қаласының омыртқалы жануарлары" кітабында құстардың 300-ге жуық түрі тіркелген, олардың арасында тауқұдіреттің барлық дерлік түрі кездескен.
Тағы оқыңыз: Алматыдағы құстар қайда жоғалып жатыр: ғалымдар түсіндірді