“Мұндайларға аяушылық болмайды“. Садыр Жапаров “халық жауларын“ қатаң жазалауға шақырды
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сыртқы күштердің ықпалына түсіп, солардан қаржы алып, елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет ететіндерді қатаң жазалауға шақырды. Бұл туралы Қырғызстан басшысы бүгін Бішкекте ШЫҰ саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарының гарнизондық саптық байқауында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Сыртқы күштердің ықпалына еріп, солардан ақша алып, ел ішіне іріткі салып, халық арасында үрей туғызуды көздейтін арамыздағы азын-аулақ халық жауларын қатаң жазалауымыз керек. Мұндайларға аяушылық болмайды", – деді Садыр Жапаров.
Қырғызстан президенті елдің алға басуы мен дамуының басты шарттарының бірі – темірдей тәртіп екенін атап өтті. Сондай-ақ күштік құрылым қызметкерлерінен жоғары кәсібилік пен үлкен жауапкершілік талап етілетінін айтты.
Жапаров құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, қызметкерлердің жалақысын көтеру, әлеуметтік қолдау аясын кеңейту және цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне де тоқталды.
Бұған дейін Қырғызстан билігі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында елдегі қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатқаны хабарланған.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Оған 100-ден астам елден 3 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Ойындар бағдарламасына ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлер енгізілген.
Ал ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті Бішкекте 30 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарланған. Ұйым құрамына Беларусь, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан – барлығы 10 мемлекет кіреді.