Теңгені, кредиттер мен депозиттерді не күтіп тұр: Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешімін жариялайды
Қыркүйекте Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Мөлшерлеме өзгеріссіз қала ма, әлде төмендей ме – бұл алдағы жұмада, 4 қыркүйекте белгілі болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Төмендеу үрдісі
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің алдағы шешімі жыл басынан бергі алтыншы шешім болмақ.
Қаңтар, наурыз және сәуір айларында базалық мөлшерлеме +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18 пайыз деңгейінде сақталды.
Ал маусым айында базалық мөлшерлеме соңғы екі жылда алғаш рет 17 пайызға дейін төмендетілді. Шілдеде көрсеткіш тағы да азайып, 16,75 пайыз болды.
Базалық мөлшерлеме деген не және ол неге әсер етеді
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банктің ақша-кредит саясатының негізгі құралдарының бірі. Ол банктердің ақшаны қандай пайызбен қарызға ала алатынын көрсетеді және соған сәйкес халық пен бизнеске берілетін кредиттер мен депозиттердің пайыздық мөлшерлемесіне де әсер етеді.
Базалық мөлшерлеме көтерілген кезде экономикадағы ақша «қымбаттайды». Яғни несие мен қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемелер өседі. Соның салдарынан халық пен бизнес аз жұмсап, көбірек жинақтауға тырысады. Бұл тұтынуды төмендетіп, баға өсімін тежеуге, яғни инфляцияны бәсеңдетуге ықпал етеді.
Ал базалық мөлшерлеме төмендесе, ақша «арзандайды». Қысқа мерзімде бұл теңге бағамына қысым түсіруі мүмкін. Өйткені нарық қатысушылары ұлттық валютаның әлсіреуін күтіп, теңгеге деген сұранысты азайтуы ықтимал.
Ұзақ мерзімде мөлшерлеменің төмендеуі инфляцияның баяулауына әсер етіп, керісінше, теңгенің нығаюына ықпал етуі мүмкін.
Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляция деңгейіне бірден емес, шамамен 12-18 айдан кейін айтарлықтай әсер ете бастайды деп бағалап отыр. Қысқа мерзімді перспективада мөлшерлеме өзгерісінің тиімділігі төменірек болады.
Мөлшерлеме жылына неше рет өзгереді
Базалық мөлшерлемені көтеру, төмендету немесе өзгеріссіз қалдыру туралы шешімді Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті қабылдайды.
Комитет отырыстары алдын ала бекітілген кесте бойынша өтеді.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 4 қыркүйек күні сағат 12:00-де жарияланады.
Бұл жолы мөлшерлеме төмендей ме
Егер инфляция баяулауын жалғастырса, мұндай мүмкіндік бар.
24 шілдеде өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов журналистерге базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету үшін инфляцияның 9-9,5 пайызға дейін баяулауы маңызды екенін айтқан.
"Болжам жасау әрдайым оңай емес. Бірақ алға қойылған міндет пен біздің мүмкіндігімізге сүйенсек, инфляция 9-9,5 пайызға дейін баяулаған жағдайда, қалыпты қатаң ақша-кредит саясаты базалық мөлшерлемені шамамен 16 пайыз деңгейінде, плюс-минус, ұстап тұруды көздейді", – деді ол.
Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы ақша-кредит саясатын одан әрі жұмсартуға кедергі келтіруі мүмкін бірқатар фактордың бар екенін де атап өткен.