Алматыда ауаны ластайтын зиян заттардың 60 пайызға жуығы көліктерден тарайды
Алматыда көліктер жыл сайын ауаға 113 мың тонна зиян зат шығарады. Бұл атмосфераға тарайтын ластаушы заттардың шамамен 60 пайызына тең, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Ауаны тек көліктер ластамайды
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы мәліметінше, ауа ластануына көліктерден бөлек, жеке үйлер, моншалар мен қоғамдық тамақтану орындары да әсер етеді.
"Жылдың суық мезгілінде көмір мен отын жағып жылытылатын жеке үйлер, сондай-ақ, қатты және сұйық отын пайдаланатын нысандар, соның ішінде моншалар мен кәуапханалар да ауаны ластайды", – деді басқарма өкілдері.
Бұған қаланың географиялық орналасуы да әсер етеді. Алматы Іле Алатауының етегінде орналасқандықтан, қыста, әсіресе, тымық күндері инверсия құбылысы байқалады.
Мұндай кезде жылы ауа қабаты ластаушы заттар тарауына кедергі келтіреді. Соның салдарынан зиян заттар жер бетіне жақын ауа қабатында жиналып қалады.
LEZ және жаңа талаптар
Алматыда ауа сапасын жақсарту үшін экологиялық талаптар кезең-кезеңімен күшейтіледі. 2025 жылғы 30 желтоқсанда бекітілген Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына сәйкес ауаға зиян заттар шығаратын кәсіпорындарға бақылау күшейді.
Кәсіпорындар зиян шығарындыларды тазартатын жабдықтарды пайдалануға міндеттеледі. Ал газ тартылған аудандарда қатты және сұйық отын қолдануға шектеу қойылады.
"Көліктерден бөлінетін зиян заттарды азайтуға да ерекше көңіл бөлінеді. Қалада автобус паркі жаңартылып, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар көбейіп жатыр. Бұл шаралар тұрғындардың жеке көлікке балама ретінде қоғамдық көлікті таңдауына мүмкіндік жасауға бағытталған", – деді ведомство өкілдері.
2026 жылғы сәуірде Алматыда LEZ пилоттық жобасы іске қосылды. Әзірге жобаға қатысу ерікті. Аймаққа кіру үшін ақы алынбайды, айыппұл салынбайды және көлік қозғалысына шектеу қойылмайды.
Еске салайық, Алматы тұрғындары қаладағы түтін мен күйік иісіне көптен бері шағымданып келеді. Әлеуметтік желіде олар ауаның ластану деңгейін көрсететін карталарды жариялап, жағдай қашан жақсаратынын сұраған еді.
Экологтардың айтуынша, бұған тек жылу электр орталықтары мен көліктер ғана кінәлі емес. Күн суытқан кезде бірнеше фактор бұл жағдайды күшейтеді.
Біріншіден, жылыту маусымы басталғанда жылу электр орталықтары, қазандықтар мен жеке үйлер отынды көбірек жағады.
Екіншіден, көліктер де ауаны ластайды. Әсіресе, көлік қозғалысы көбейетін қарбалас уақытта зиян заттар көп бөлінеді.
Тағы да оқыңыз: Алматыда LEZ аймағында 1000-ға жуық көлік тексерістен өте алмады: аралық қорытынды жарияланды.