Пол Маккартни миллиардер атанып, әлемдегі ең бай музыканттардың үштігіне енді
Әртістің дәулеті туралы Billboard басылымы өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
"1964 жылы Пол Маккартни: "Маған ақшаның аса қажеті жоқ - ақшаға махаббатты сатып ала алмайсың" деп ән салған еді. Арада алты онжылдық өткенде, The Beatles-тің бұрынғы мүшесі ресми түрде миллиардер атанды - бұл туралы Forbes хабарлады. Дүйсенбі күні басылым Маккартнидің байлығы 1,4 миллиард доллардан асқанын жариялады", - делінген жазбада.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
A post shared by billboard (@billboard)
Енді Маккартни әлемдегі ең бай музыканттар тізімінде үшінші орынға жайғасты. Оның алдында тек 2,8 миллиард доллар капиталы бар Jay-Z мен дәулеті 2 миллиард долларға бағаланған Тейлор Свифт қана тұр.
Музыкант бұл байлыққа қалай қол жеткізді?
Billboard ақпаратынша, Маккартни табысының негізгі көздерінің бірі - музыкалық құқықтар болды. The Beatles-пен жасалған тиімсіз келісімшарттан кейін музыкант қаржылық мәселелерді өз бақылауына алуды ұйғарған. Кейіннен, сот процестері мен келісімдерді қайта қараудың арқасында, ол шамамен 2017 жылға қарай топтың музыкалық каталогына деген құқықтардың бір бөлігін қайтарып алды.
Уақыт өте келе Маккартни жеке MPL Communications баспа компаниясын құрып, танымал музыкалық шығармалардың құқықтарын сатып ала бастады. Олардың арасында Baby, It's Cold Outside және Blue Christmas атты Рождестволық хиттер, Blue Suede Shoes әні, сондай-ақ "Бриолин" сияқты танымал мюзиклдердің музыкасы бар. БАҚ мәліметінше, бұл туындылар әлі де табыс әкеліп жатыр.
Тағы бір ірі табыс көзі - гастрольдік сапарлар. 2022 жылы Billboard Маккартнидің концерттерінен түскен жалпы түсім миллиард доллардан асқанын хабарлаған болатын. Ол кезде мұндай нәтиже тарихта тек 11 орындаушыда ғана болған еді.
The Beatles мұрасы да айтарлықтай рөл атқарды. Топ осы күнге дейін Billboard Hot 100 чартында бірінші орынға шыққан әндер саны бойынша рекордты (20 хит) ұстап тұр. Маккартнидің өзі бұл чартта жеке әндерімен және The Beatles тарағаннан кейін 1971 жылы құрған Wings тобының шығармаларымен тағы тоғыз рет көш бастады.
Billboard 200 чартында да Маккартнидің нәтижелері таңғалдырарлық: The Beatles-тің 19 альбомы және оның жекелей немесе Wings тобымен шығарған тағы сегіз релизі бірінші орынға көтерілген.
Пол Маккартни туралы не белгілі?
Пол Маккартни - 84 жастағы британдық әнші, музыкант және әндер авторы, The Beatles тобының негізін қалаушылардың бірі. Джон Леннон, Джордж Харрисон және Ринго Старрмен бірге Маккартни әлемге Yesterday, Hey Jude және Let It Be сияқты хиттерді сыйлаған топты құрды.
1970 жылы The Beatles тарағаннан кейін музыкант Wings тобын құрып, кейіннен жеке мансабын жалғастырды.
Маккартни үш рет үйленген. Оның бірінші жары - 1998 жылы қайтыс болған фотограф Линда Маккартни. 2002 жылы ол Хизер Миллске үйленді, бірақ алты жылдан кейін жұп ажырасып кетті. 2011 жылдан бастап музыкант бизнесвумен Нэнси Шевеллмен некеде. Оның бес баласы бар.
Тағы оқыңыз: Айсұлтан Сейітов K-pop топқа клип түсірді: не белгілі?