214 миллион теңгенің сағаты, гауһар тастар: олигархтардан тәркіленген зергерлік бұйымдар жеңілдікпен сатылып жатыр
Қазақстанда олигархтардан тәркіленген бағалы бұйымдар саудаға шығарылды. Кейбір лоттарды сату әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін олардың бағасы ондаған миллион теңгеге арзандады. Олардың арасында небәрі 30 данамен шығарылған шектеулі сериядағы сағат та бар. Бұйымдардың сырт келбеті қандай және олар қаншалықты арзандады – Tengrinews.kz материалында.
Қандай бұйымдарға жеңілдік жасалды?
Барлық лоттың ішіндегі ең қымбаты – 789-80 моделіндегі Ulysse Nardin Classic сағаты. Мұндай сағаттың әлемде небәрі 30 данасы бар, оның бірі қазір e-Qazyna.kz сауда-саттық алаңына қойылды.
Сағат 18 караттық алтыннан қолмен қашалып жасалған. Оның циферблатында әрқайсысы өзіндік дыбыс шығаратын төрт гонгтың әуеніне сәйкес қозғалатын арнайы алтын фигуралар бар.
Нақтырақ айтсақ, бұл – Вестминстер қоңырауының үні. Төрт нотадан тұратын бұл әуенді, мысалы, әйгілі Биг-Бен сағатынан естуге болады.
Ulysse Nardin Classic 789-80 сағаты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Дегенмен, сағаттың корпусында сызаттар бар, ал белбеуі қатты зақымдалған.
Ulysse Nardin Classic 789-80 сағаты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Бұйым 214 миллион теңгеге бағаланған. Алдыңғы сауда-саттықта оны 182 миллион теңгеге сатпақ болған. Бірақ ешкім сатып алмады.
Қазіргі бастапқы бағасы - 150 миллион теңге. Сағат 32 миллион теңгеге арзандады. Сауда-саттық 1 желтоқсан күні сағат 13:00-де өтеді.
Бұл активтерге қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания иелік етеді. Бұл сағаттың сатылмауы алғаш рет емес.
Сонымен қатар гауһар тастар жиынтығы да жеңілдік жасалды: оған екі сырға, шынжырлы алқа және екі жүзік кіреді. Оның бағасы 72 миллион теңге болған, бірақ сатып алуға ниет білдіргендер табылмады. Енді оны кемінде 59 миллион теңгеге сату жоспарланып отыр. Ал оның бағалау құны – 85,5 миллион теңге.
Саудаға шығарылған гауһар тастар жиынтығы. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Бұл жиынтық бойынша сауда-саттық та 1 желтоқсан сағат 13:00-ге белгіленген.
Сауда-саттықта тағы не сатылып жатыр?
Қалған лоттардың бағасы төменірек. Дегенмен олардың бір бөлігі Астанадағы бір бөлмелі пәтердің құнымен деңгейлес. Мысалы, Frank Muller Geneve сағаты. Оны 20 миллион теңгеге сату көзделіп отыр.
Мұндай баға не үшін қойылған? Себебі – бренд атауы, 18 караттық қызғылт алтыннан жасалған корпус және сапфир шынысы. Оның циферблаты лағыл (рубин), сапфир және цаворит тастарымен безендірілген, сондай-ақ лағылдан жасалған тілшелері бар.
Frank Muller Geneve сағаты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Ал оның бағалау құны – 29 миллион теңге.
Дәл осындай 20 миллион теңгеге Bovet Fleurier Grand Complications Amadeo Fleurier қалта сағаты сатылымға шығарылды.
Bovet Fleurier Grand Complications Amadeo Fleurier сағаты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Бұл шектеулі сериядағы сағат. Әлемде мұндай модельдің небәрі 50 данасы бар. Оның бағалау құны – 28 миллион теңге.
Тағы бір Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser сағаты 20 миллион теңгеге саудаға қойылды. Ол 18 караттық ақ алтыннан жасалған. Оның бағалау құны 29 миллион теңгені құрайды.
Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser сағаты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Сондай-ақ қымбат лоттардың тізімінде Breguet 3099 BE сағаты бар. Ол 13 миллион теңгеге сатылмақ. Мұндай баға оның классикалық үлгіде қырланған 139 гауһар таспен (шамамен 1,255 карат) безендірілуімен түсіндіріледі. Бағалаушылардың мәліметінше, сағаттың нақты құны 15 миллион теңге.
Breguet 3099 BE сағаты. Фото e-Qazyna.kz порталынан
Бұған дейін олигархтардан тәркіленген бағалы әшекейлердің сатылмай қалғанын хабарлаған болатынбыз. Олардың қатарында гауһар тасты жиынтықтар, қымбат сағаттар және әйгілі зергерлік брендтердің көптеген бұйымы бар.